Сарман алты таңба кітабы - страница 24
– Мұнда Ерұлан жоқ қой, мүмкін біз күдіктенбесін деп олар да ақ мата байлап алған шығар, – деді де, сарбаздарға атуға бұйрық бермек болып еді, сол сәтте:
– Батыра, дайындал! – деген айқайлаған дауыс, келе жатқан топтың арасынан шықты.
Батыра Ерұланның дауысын естіп:
– Ух, – деп бойындағы күмәні сейілді, бірер сәттен кейін олардың артына түскен қуғыншылар да көрінді. Ерұлан мен сарбаздары көпірді сілкіндіре өтіп, артында қалған Ерұлан көпірдің үстіне жарылғыш қапшығын тастап кетті де, сарбаздарының артынан барып.
– Садақтарыңды дайындаңдар! – деп бұйрық берді, олар артынан жетіп келген қуғыншылардың жақын жерге жеткенін күтіп, олар көпірге жақындаған сәтте.
– Атыңдар, – деген Батыраның дауысы шықты, жүзге жуық жебе тар көшеге қарай ұшып, қарсыластарының алдыңғы шебін жайратып салды, осы сәтте жарылыс болып, көпір ортасынан қирай өзенге опырылып түсті.
– Оларға оқ жаудырып, мұнда тұрудың қажеті жоқ, тездетіп қақпаға барайық, біз кішкене уақыт ұттық деп ойлаймын, – деп Ерұлан алдыға қарай ұмтылды.
Мұндай жарылысты бұрын-соңды көрмеген Батыра:
– Ерұлан, сен қып-қызыл жындысың! – деп қуана оның соңынан ерді.
Өзеннің жанында үлкен үйдің бұрышында Сұлу отырған күйме алдыға қозғалып, оны сарбаздар қоршай барлығы қақпаға бет алды. Батыра Ерұланның жанына жақындай:
– Сендерде ешқандай шығын болмаған сияқты ғой, – деді ол басын артқа бұра.
– Жоқ, өкінішке орай, бірнеше сарбаз мерт болды.
– Түсінікті, ары қарай не істейміз, қақпадан қалай шығамыз? Көпірді жарғандай, оны да жарамыз ба? – деді Батыра Ерұланға.
– Иә, дәл таптың, – деді Ерұлан, оның жүзі мұңды болды, Батыра оны көріп.
– Не болды ? Қорқып тұрсың ба?
– Жоқ, ештеңе болған жоқ, тек мен осы жайтты түсімде көрдім, – деді Ерұлан.
– Иә, түсіңде көрсең не болыпты? Бәрімізде болатын жағдай. Ерұлан үндеместен назарын алдыға қарай алыста орналасқан қақпаға аударды. Оның көрген түсі өңінде болып жатқанына ол сене алған жоқ.
Барлығы үнсіз, тек жылқылардың тұяқтары мен пырылдап шыққан тынысы және сақырлаған жүгеннің дыбысы тыныштықты бұзды. Көшелердің шетінде оларға халық үйлердің арасынан сығалай қарады, бірақ ешкімнің көшеге шығуға дәті барған жоқ. Ерұлан оларға мұңды көзін тастай қақпаға шаба берді. Көп ұзамай олар тас жабылған қақпаға айтарлықтай жақындағанда, оның айналасында және қақпаның төбесіндегі сарбаздардың қалай садақтарын тартып, оларды көздеп жатқандығы Ерұланға анық көрінді.
– Қалқандарыңды дайындаңдар! – деп айқайлады. Барлығы қалқандарын төбесіне қойып, қарсыластарының шабуылын күтті.
Ерұлан қалқанының астынан оларға қарап келе жатты, сол сәтте оған «Атыңдар» деген дауыс естілді.
– Дайындалыңдар! – деп Ерұлан бұйрық берді. Суылдай ұшқан оқтар олардың қалқандарына тарсылдай тиді, кейбір оқтар жылқыларға тиіп, олар жерге домалай құлады, ал кейбір жолы болмаған сарбаздарға оқ тиіп, олар ажал құшты.
– Қазір екінші толқыны келеді, босаңсымаңдар! – деді Батыра.
Олар қақпаға жақындай берді, бірақ оларға қайта оқ атылған жоқ, құдды қарсыластары оларды ұмытып кеткендей, Ерұлан қалқанының астынан қақпаға қараған сәтте қақпа алдындағы сарбаздардың бір-бірімен шайқасып жатқандығы көрінді, ал ең қызығы, жабық қақпалар ашыла бастады.
Ерұлан қалқанын түсіріп, өз көзіне өзі сенбей, қақпаға анықтап қарады. Жоқ, олар шынында шайқасып жатыр, қақпа шынында ашылуда, ал біреу оларға «сыртқа шығыңдар» дегендей қолын былғады.
Ерұлан бір сәтке оларға күмәндана қарады, бірақ Қамшат қаласында болған сарбаздар арасындағы қақтығыс есіне түсіп, «олар да сол қақтығысқа қатысқан жауынгерлермен бір байланысы болар» деп іштей ойлап, сарбаздарымен қақпадан шығып, қала алдына күймені қоршай тоқтады.