Сарман алты таңба кітабы - страница 27
– Бірақ орман қауіпті екенін білесің ғой.
– Бізде басқа таңдау жоқ… – деп ол басын шайқады, – Батыра басқа таңдау қалмады, тек осылай ғана құтылуға мүмкіндік бар, оның үстіне Қамшат қаласында дүниеге келген сәбиді құтқарған сілеусіндер сонда кеткен… – деген сәтте, қақпаға бұзғының ауыр соққысы келіп тиді де, бір шеті жарылды, – жылдам қаш!.. Тоқтаусыз шап!… Тоқтама!.. Тоқтаушы болма! – деп онымен құшақтаса қоштасып, артқа бұрылып, – кәне жігіттер, соңымнан еріңдер, – деп қақпаны ұстап тұрған сарбаздарға, өз адамдарын ерте көмекке кетіп бара жатып, Батыраға:
– Мойныңа ауыртпалықты салғаным үшін кешір, досым, – деді. Атты сарбаздар жылқыларын жіберіп, қақпаға ұмтылды.
– Саған да сәттілік, – деп Батыра оның артында қалды.
Батыра жылдам матаға оралған баланы алдына байлап, қанмен былғанған күймедегі Ерұлан айтқан қапшықтарды, жылқының үстіне жайғастырды да, қақпа алдында болып жатқан қақтығысқа бір қарап, оңтүстік-батысқа беттеп, сосын қайта оңтүстікке жол тартты, оған Ерұлан айтса да, Батыра Жент қаласына жол арқылы баруды шешті.
Қақпа алдында нағыз соғыс басталды, ішінде сыртқа ұмтылған мыңдаған сарбаз қақпаны соқты, олар жан-жақтан қабырғалардың төбесіне мініп, үстіндегі қарсыластарының көзін құртып, төбеден төмен қарай қақпаны ұстаған сарбаздарға оқ жаудыртты, тіпті көз жұмған қарсыластарының денелерін төмен лақтырудан тайынған жоқ.
– Қалқандарыңды көтеріңдер, – деп айқайлады Ерұлан. – Оларды бұлай ұзақ уақыт ұстап тұра алмайтын сияқтымыз, іштегілерді қайта қалаға қарай ығыстырып, қақпаның дәл астына тұрып алғанымыз абзал – сонда олар бізге төбеден оқ атуын тоқтатады, кәне сап түзеп, оларды сыртқа жіберейік, – деді Ерұлан Әлиге.
– Жігіттер, менің бұйрығыммен қақпаны жіберіп, кірпі шебіне құрыңдар, – деді Әли. Олар қақпаны кішкене ұстағаннан кейін.
– Сап! – деп айқайлаған Әлидің дауысы естілді, қақпаны ұстаған сарбаздар бірден оны жіберіп, қалқандарын алдыға тосты да, найзаларын қарсыластарына созып, артқа қарай шегінді, ал олардың артындағы садақшылар садақтарын тартып, қақпаны бұзып шыққан қарсыластарына оқ жаудырды. Ерұлан қала ішіне көзі түскен кезде, қақпаға қарай шұбыра келе жатқан жауды көрді, ал олардың соңында Дат тұрды.
– Алдыға қарай қысыңдар, жоғарыдағылардың көзін құртыңдар! – деді Әли.
Оның сарбаздары төбедегі қарсыластарына жебелерін жаудырып, оларды төмен қарай құлатты, қақпа алды жіңішке болғандықтан, қала ішіндегілердің барлығы бірдей оларға шабуыл жасай алмады, оларды қалаға қайта ығыстырып, қақпаның ортасынан орын тепті: ішке, сыртқа және қақпаның төбесіне жол бермей, қарсыластарының көптігіне қарамастан, оларды ұстады. Соғысуға өте ыңғайлы орын – Ерұлан мен Әлидің сарбаздарына аз шығын болып, ұзақ тұруына көмектесті, сандарының аздығына қарамастан, қарсыластарын қаладан тапжылтпай ұстады.
Бұл уақытта Батыра оңтүстік-батысқа қарай беттеді, айнала тек жазық дала және Бұлақты қаласына апартын шаңды жол ғана, алайда ол өте алыстан қалаға қарай келе жатқан әскердің қарасын көрді, оның дәл алдында бес-алты шақырым жерде Батыраға қарай тағы да мыңға жуық атты сарбаз келе жатты, ол не істерін білмей жылқысын тоқтатып, қалаға қарай басын бұрды, қаладан алыстап кеткенімен, шайқастың дауысы оның құлақтарына айқын естілді. «Мұнда, тор ішіне түскен балық сияқтымын, маған бір жабық орын табу керек, даланың кез келген жерінен мені көріп, ұстау оңай» деп ойлады. «Бірақ қайда? Қайда қашамын?» деп батыс жақтан өте алыстағы ағашқа көзі түсті.