Сарман алты таңба кітабы - страница 30
Ол дөң-саймен шаба орманға қарай беттей берді, ал артында қалған үлкен қала көзден таса болып, Бұрат тауының төбесі ғана аздап байқалды. Оның тынысы тарылып, әлем астан-кестең болғандай күй кешті, кеше ғана тыныш өмірі бүгін аласапыран күйге түсті – ең жақын досынан айрылып, енді денесінде таңбасы бар сәбимен, әлемдегі ең қауіпті орманға қашуда, тіпті таңбаның не екенін де білмейді. Одан әрі не болады? Не істейді? Орманнан тірі шығам ба деген ой оны іштей жеді, дәл осы сәтте Батыр өзін бүкіл әлем оған қарсы шығып, қараңғы түнекте жалғыз, ешқандай жарықсыз қалғандай сезінді. Бес сағат тоқтаусыз шапқаннан кейін Батыраның аты шаршап, шамасын жоғалта бастады, ол атты ақырын жорғалатып жүргізе суытты. Айналасы жап-жасыл кілем жауған, дөңді-сайлы дала ғана, бірде-бір жануар немесе құс көрінер емес.
– Сені аздап тынықтыру керек, – деп мұрнының астынан сөйлеп, тоқтады да, аттан түсті, ал сәби аттан түскеннен кейін қайта жылай бастады. – Қарның ашқан болар, бірақ мен саған ештеңе бере алмаймын, балақай, – деп ол белбауындағы су есіне түсіп. – Мүмкін су берсем, кішкене болса сені жұбатар, – деді де, сәбидің аузына ақырын тамшылатып су құйды, бала тынышталғандай болды.
Батыраның ұзақ жолдан шаршап, ат үстінде көп отырғандықтан денесі ауырды, оның салмағы өзіне бірнеше есе ауыр болып кеткендей сезілді, оның үстіне киген сауыты да қозғалуға біршама қиындық туғызды, терлеп, тері қатып, дала жылы болса да, соққан жел оны жауратты.
«Неге? Неге ханға бұл балалар керек? Неге барлығы осыларға қол жеткізгісі келеді?» деп іштей ойлады. Ол сәбидің жүзінде қатқан қанды, су тамшылатып сүртті, сосын оны жерге жатқызып, матасынан ақырын шешті де, сәбиді бір қапталына жақызып, арқасында сол жақ жауырынында орналасқан таңбаға қарады. Жасыл түсті таңба баланың жауырынын толықтай алды. Басы сопақтау келген, сояудай тістері жартылай ашылған аузынан шыққан, айдаһарға ұқсас жануар бейнеленді. Батыра оны сипап:
– Бұл нені білдіреді екен? – деп өз алдына сөйлеп, кітап пен мүйізді бас сүйекті алып, екеуін алында қойып, олардан көз алмай қарады.
Батыра бас сүйекке қараған сайын, оның үңірейген көздері құдды зұлым күш пен үрей таратып тұрғандай. Ол кітапты қолына алып, оның сыртына көз жүгіртті, сыртында алты таңба – алты түрлі жануардың бейнелері екі қатар болып бейнеленді. Батыра олардың бірін де бұрын-соңды көрген емес, ал ең соңғы орналасқан таңба сәбидің арқасындағыдан еш айырмашылығы жоқ, сонымен қатар кітаптың ең төбесінде, таңбалардың үстінде Батыраға бейтаныс тілде жазылған үш сөз тұрды, ол мүлде сөздерді түсінген жоқ, тіпті алғаш көруі.
Батыра бос кітапты ары-бері бірнеше рет ақтарып шықты, бірақ ішінде ештеңе жоқ, тек ақшыл сары парақтардан тұратын қалың кітап, сосын ол заттардың барлығын жинап, қоржынға қайта салды.
Баланың таңбасына кішкене көз тіге, оны матаға қайта орап, кеудесіне байлап алды. Оның бойын бұрыңғыдай қорқыныш билеген жоқ, қазір ол тынышталып, болған жайтпен келіскендей. Аспан ашық, тек бірнеше мақтаға ұқсас бұлттар қалқып жүрді, анда-санда олардың көлеңкесі Батыраға түсті.
– Бізге артқа шегінуге жол жоқ, біз сор батпаққа белшемізден батқан сияқтымыз, ал одан шығуға көмектесетін қазір ешкім табылмас, өзімізді-өзіміз құтқаруға тура келеді, – деп ұйқыдағы сәбиге сөйлеп, орнынан тұра жылқысына жайғасып, артына бір көз тастап, жолды жалғастырды.
Бұл уақытта қаладан Дат пен әскерлері оны өкшелей келе жатты.