Шежірем сыр шертсе - страница 15
.
Қазақия ұлысының көне жұрты жөнінде кезінде патшалық Ресейдің 2-мемлекеттік Думасының депутаты болған, сыртқа да, елімізге де кең танымал, ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің «Қазақ руларының генологиясы» ("Генеалогия казахских родов") деген белгілі еңбегінде айтып кетеді. Ол онда орыстың ұлы тарихшысы Н.М. Карамзин де, атақты шығыс зерттеуші ғалымы Семёнов-Тяньшанский де өз заманында осетиндер черкестерді қазақтар деп атағандығын, ал Карамзин сонымен қатар олардың Х ғасырларда Қара теңіз бен Каспий теңізі аралығын мекендеген торктар мен беренділерді де черкестерге яғни қазақтарға жатқызғандығын айтады («Рух» газеті. № 6. 2001 ж.).
Сондай-ақ белгілі шығыстанушы ғалым В.С. Смирнов 1232 жылы шыққан жылнаманы зерделей келе, орыс князі Владимир Монамахтың 1095 жылы қолға түскен Берш руынан шыққан косогтар Ығлар, Қытан, Ақланды өлтіргенін хабарлайды ( бұл да сонда).
Қазақтар жөнінде өз еңбегінде әйгілі шығыстанушы ғалым В.В.Бартольд те Х ғасырда Кавказ черкестері «косог» деп аталған деп хабарлайды (Шығармалар, 2 т. 848 б. М., 1963–1968 жылдар). Бұл деректер мәтінінен қазақтар қауымдастығының біз пайымдағандай ертеректе, X–XI ғасырлардан бастап-ақ жұртқа белгілі ұлыс болғандығын аңғарамыз.
Ұлыс пен оның құрамына кірген ру-тайпалар туралы зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы да төмендегідей қызғылықты деректер келтіріледі: «…оныншы ғасырдағы Византия императоры Константин Порфирородный Кубаннан шығысқа қарайғы жерлерде «Касахия» деген жұрт жатыр»; «…орыс жылнамаларындағы «касог», грек тақуасы Епифани (VIII–IX ғ.ғ.) жазбаларындағы Кавказ төңірегінде мекендейтін «касогдиане» елдері туралы мәліметтер «қазақ» атауының осы төңіректе әуелден-ақ көрініс бергенін байқатады»; «Тарих осы замандарда Қазақия құрамында қазіргі қыпшақ тектес қарашай, балқар, құмықтардың арғы бабаларының да болғанын, бәрінің қазақ атымен қауымдасқанын ортаға тартады. Олар ғана емес, кабарды, черкес атты тілі бөлек жұрттар да қазақ атымен танылған.
XIII ғасырдағы моңғол жорығы Дешті Қыпшақтың батысындағы Қазақияны да шайқап өтті. Сол аласапыран кездері өзара тектес черкес, кабарды, қарашайлар, абазиндер черкес бас болып қазақтан ірге айырған сияқты. Дегенмен, талай уақыт аралас-құралас боп келген жұрттардың этникалық қарым-қатынасының іздерін осы күндері байқауға да болады.Жазушы Әнес Сараев Байұлы құрамындағы Шеркеш руы «Қазақия қазақ, черкес боп екіге бөлінгенде» қазақтар құрамында қалған ел болуы мүмкін дегенді айтады. Қазақ шеркештерінің ұраны–«Шағырай». Ал черкестерде «чахаркас» деген ата кездеседі абазиндер арасында әлі күнге дейін шегірей руы бар»(«Кіші жүз шежіресі». «Ана тілі» газеті. 1992 мешін жылы. 4 наурыз). Бұл мәліметтер қазақтар құрамына кірген түркі рулары туралы ақпар бере отырып, ұлыс тарихын енді X–XI ғасырлардан асырып, VIII–IX ғасырларға жеткізіп тастайды.
Ғалым-тарихшымыз Мұхамеджан Тынышпаев та өзінің жоғарыда аталған «Қазақ руларының генологиясы» атты зерттеу еңбегінде Қара теңіз бен Каспий теңіздері аралығындағы құйқалы жерді қоныстанған, құрамында беріш, черкес жұрттары бар Қазақия ұлысы болған деген деректерін келтіреді. Мәселен ол Қытайдың VII ғасырға жататын деректемелерінде («Тан патшалығының жаңа тарихы») Арал мен Хазарлық Каспий теңізінің аралығын мекендеген жұрттың «хаса», «кас–пилер» деп аталғанын әңгімелейді. Бұл, көріп отырсыздар, ұлыс тарихын енді VII ғасырларға апарып тірейді.