Шежірем сыр шертсе - страница 2
Әлбетте, шөмекей жайында келтірген бұл деректеріміз бұрын-соңды еш жерде айтыла да, жариялана да қоймаған соны тұжырым, байламдар екендігі анық. Осы ретте шежіреші тек өткен-кеткенді теріп жазушы жай жылнамашы ғана емес, деректер мен мәліметтерді саралай, салыстыра келе тың шындық бетін аша алар зерттеуші де екендігін ескертіп, есіңізге сала кеткіміз келеді. Төрт таңбалы шөмекей тамғасына талдау жасаған кезімізде де осылайша оны саралап, ой елегінен өткіздік. Оны оқушы қауым шежіреміздің "Тамға" тақырыбына жеткенде өзі-ақ жете оқып, зейіндей жатады.
Осылай жалпыдан жалқыға қарай жылжи отырып, шөмекейден берідегі аталарымыз жайлы баяндайтын деректер тұсына да жетеміз. Шөмекейден өрбитін 4 ата–Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек ұрпақтарын білгенімізше толық тарқаттық. Бозғыл ұрпақтарын Келдібай бабамыздан бастап, аты әйгілі сарықасқа Келменбет бабамызға жеткенше ірі аталардан ешқайсысын қалдырмай түгел келтіруге тырыстық. Өйткені ағайын, туысқандай болып жақын араласып жүрген дос-жарандар баршылық ғой, сұрай қалса солармен ара қашықтығымызды жаңылмай дұрыс ажырата, айта білуіміз үшін керек ғой деп санадық.
Жеті ата тақырыбында атап кеткен тек пен түп ата, түп бабаларымыз жайлы баяндарда деректерімізді неліктен көбіне олардың отан қорғау жолындағы батырлық істері мен шешендік, даналық сөздерін насихаттауға құрғанымыз бәрімізге түсінікті ғой ойлаймыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың жалынды патриоттық істері мен жеке бастарына тән бірегей қасиеттерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие ретінде қалдырғымыз келгендігі. Келменбет бабамыз жайлы хикаяларымыз солардың бірі. Оны да өз алдына дербес, 13 бөлімде баяндап бердік.
Бұл үшін бабамыз туралы жазған Тұрлыбек Деменұлының «Келте тонды Келмембет» шежіресін тауып оқып, пайдаландық. Ол кісіге бұл үшін рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Ал өз шежіремізді жазарда жатпай-тұрмай іздегеніміз осы Келменбет батыр жайлы көп бұрындары жазылған жыр-дастан еді. Таба алмай көп қиналдық. Мұның басты себебі – авторын, қай жылы, қандай атау, тақырыппен жазылғандығын біз ғана емес, сұраған өзге кісілер де білмейтін болып шықты.
Бірақ сұрай-сұрай Меккеге де жетесің дейді ғой халық. Сырдың Рашид деген сарықасқа жігіті өтінішіміз бойынша осы дастаны бар шежіреші кісіні ақыры табады. Хабарын күтіп, қуанып қалғанбыз.Бірақ өкініштісі әлгі адам сөйлесе келе дастанның көшірмесін түсіріп алу үшін алдына қиын шарт қояды. Ол бұған кезінде қордаланып, өтпей қалған, дастан жазылған басы артық шежірелерін түгел сатып алуды ұсынады. Шежіресінің біреуін, мейлі екеуін, мейлі үшеуін сатып алуға болар еді, бірақ бәрін емес ғой. Әу, бабамыз жайлы жазылған дастанымен тегін бөлісудің орнына оны қып-қызыл саудаға салып, әкесінің құнын сұраған мұндай да жан болады екен ғой деп әлгі бауырымыз қатты ренжіп, онымен әрі қарай сөйлесуден бас тартады. Бірақ абырой болғанда, атын, авторын білмесек те ғаламтор мұрағатын соқыр адамша күні-түні түрткілеп іздеп жүріп, ақыры құдайға шүкір, әлгі дастанды бір шежірешінің жинағынан кездейсоқ болсын әйтеуір таптық-ау. Аруағы разы болсын, оны