Шежірем сыр шертсе - страница 37



Сонымен ниетіне кесе-көлденең кедергі, тосқауыл болып келген қазақ хандығының қақпасы іспеттес кіші жүз ұлысынан Әбілқайыр ханды алып тастау арқылы Ұлы Орыс империясы көрші жатқан ұланғайыр қазақ жерін қан төкпей басып алу, отарлау саясатын осылай бастады. Кейін бұл дата қызыл Кеңес заманында «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген атпен тарихымызда елеулі із қалдырған айтулы оқиғаға айналғаны анық. Бұл құжат сол кезден бастап, Қазақстан егемендік пен тәуелсіздік алған сонау 1991 жылдың желтоқсанына дейін өз күшін жойған емес.

Әлбетте, патша үкіметі аталмыш келіссөзді бетке ұстап, осыған дейін жасырып келген түпкі мақсаты–қазақ жерін отарлау саясатын енді ашықтан-ашық жүзеге асыра бастады. Ежелгі қазақ жерлері өзін-өзі билеу еркінен айрылып, бодауға түсті. Шаруалар малы мен жанының кепілі болып келген жаз жайлауы мен қыс қыстауларынан, шұрайлы деген өрістерінен айрылып, жұтқа, аштыққа ұшырады, тұрмыс жағдайлары ауырлап, құлдырай бастады. Қазақтарды бөлшектеп ұстауды тиімді санаған орыс үкіметі мен жоңғар билеушілері неше түрлі қулық-сұмдыққа барып, олардың бір ханға бағынған күшті мемлекет құруына іс жүзінде жол бермеуге тырысты.

Мұның бәрі жұрт пен жеке дара билеуді көксеген хандар арасында түсінбеушілік пен толқу туғызып, үлкен хандықтың іргетасын шайқалтар жайсыз жайларға алып келгені анық. Алайда, Аллаһқа шүкіршілік айтамыз, мемлекеттігімізді ұсақталудан сақтап, хандық билігін бір қол мен бір ноқтада ұстап қалуға бар күшін салып тырысқан көреген хандар мен халық арасынан шығып, бірлікке шақырған Бұқар сияқты айтулы би, жыраулар табылмай қалған жоқ. Бұқардың елге ой салып, бірлікке шақырған "Керей қайда барасың?!" деген атақты жыр-декларациясы осы кезде туған еді.

Сонымен Әбілқайыр хан қаза тауып, Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан соң, қазақты бір жағы жоңғар, бір жағы орыс – екі оттың арасынан оның елдігі мен мемлекеттігін аман сақтап алып шығуға бар ақыл-айласын салып, көп әрекеттеніп, тырысқандардың ішінде Абылайдан өткен өзге сұңғыла хан болмады. Азан шақырып қойған аты Әбілмансұр болып саналатын ол 15 жасында Әбілқайыр ханның жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресінде жауға атасының атымен "Абылайлап" атойлап шапқан жанкешті ерлігі үшін жұрт арасында Абылай аталып кеткен еді. Қазақ хандығы сол кездері, құдайға шүкір, тап осы дарынды, саясаткер, ақылды ханның білгір қимылдарының арқасында мемлекеттігін жоғалтып, ыдырап кетпей, тағы бір зобалаң күйреуден аман қалды. Әйткенмен мұндай қауіп-қатер қазақ хандығының басынан оның ақырына дейін бір сейілмей қойды.

Бұлай дейтін себебіміз, 1756–58 жылдары Цин империясының манчжур-қытайлары 90 мыңға жетерлік үлкен әскер шығарып, өздеріне шабуылдап қоймай жүрген жоңғарларды түптұқиянына дейін түк қалдырмай, біржолата қырып салып, қазақ шекарарасына жақын келіп қоныстана бастағанда да Абылайға осы орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында жан сақтап қалу үшін тағы да не бір дипломатиялық айла-әрекеттерге барып, жанкешті саясат жүргізуге тура келді. Екі бірдей күшті жауға қарсы күресте ол Ресей патшалығына арқа сүйеп, онымен одақтас болды, ал одан ызғар көргенде Қытай жағына қарай ақырын ойысып отырды. Сөйтіп жоңғарлардың кебін киіп қырылып, елдігі мен мемлекеттігінен айрылып, тарих аренасынан біржолата жоғалып кетпеуі үшін көп әрекет етті.

Абылайдың бұл іспеттес өзге тірліктерін түгел тізіп айтып жатпасақ та билік пен мемлекетаралық қарым-қатынас үшін үзілмей жүріп жатқан осындай қым-қуат, жан беріп, жан алысқан, қызу саяси істер барысында оның өз жұртының экономикалық хал-ақуалы мен тұрмыс жағдайын да қолдан шығарып, ұмыт қалдырып алмағанын айта кету керек секілді.