Төңкеріс. Пиесалар - страница 14



Қази. Бисмилләһ! (үшінші орындық шейх үшін қойылған деп ойлап сол орындықты нұсқап) Келіңіз, хазіреті шейх, отырыңыз.

Ғабдуррахман. Жоқ, бұл орынға біздің хазреті имам отырмақ. Ол кісі сізге көмек көрсетеді. (жанындағы бір көмекшісіне) Кәне, мешітке барып кел, имамға сот басталайын деп жатыр, тезірек жетсін де. (көмекші кетеді)

Қази. Иә, иә, тезірек жетсін де! (шейхке) Ал, бастайық! Кім бар?

Ғабдуррахман. (қамшысымен мәсінің қонышын ақырын сабап тұрып, жанындағы көмекшілеріне) Кәне, әкеліңдер қылмыскерлерді.


Көмекшілері екі қызды алып келеді. Бірінші қыздың бұтында денесімен бір болып жабысқан, арғы жағынан бүкіл бөксесі айқын көрініп тұрған «лосина» деген дамбал тәрізді бірдеңе. Толық қыздың құйрық жағы тырсиып тұр. Екіншісі тым жас, бұтында джинсы, джинсы мен үстіндегі топик деген қысқа бірдеңенің арасы ашық, қыздың кіндігі көрініп тұр. Толық қыз ашулы, ал жас қыздың жүзі үрейлі.


Ғабдуррахман. Бұл не деген батпан құйрық, ен далада жатқан құйрық! (қыздың майлы құйрығынан қамшымен тартып жібереді – қыз шыңғырып қалып жұлқынады, бірақ екі жағынан ұстап тұрған шейхтің екі көмекшісі жібермейді)

Біріншіқыз. А-ай! Неге ұрасыз?!

Ғабдуррахман. Ұрмағанда не істейін? Сипа деймісің?

Біріншіқыз. Жоқ, сипамай-ақ қойыңыз. Бірақ неге ұрасыз, мына қамшыңыз жаман тиді ғой. И-и…

Ғабдуррахман. Ендеше неге көтіңді ашып жүресің?

Бірінші қыз. Ашып жүрген жоқпын.

Ғабдуррахман. Әй! Ашпағанда не қалды? Арт жағың тырсиып анадайдан менмендеп айқайлап тұрған жоқ па! (халыққа қарап) Бұл баланың ата-анасы бар ма? Анасы кім екен өзі?


Топтан бір әйел шығып шейхтің жанына келіп тоқтайды.


Қыздың анасы. (көз жасын сүртіп) Мен… мен бұл байғұстың шешесі.

Ғабдуррахман. Қызыңызды қалай тәрбиелегенсіз? Қалай ғана мына түрімен көшеге жібергенсіз?

Қыздың анасы. Е-е… бұлар қазір бізді тыңдай ма? Мода солай болды дейді. Көйлек кисеңші десем, арт жағыңды жапсаңшы десем, «менің арт жағым әдемі, сексуальный, оны жауып қайтемін?» дейді. Немесе «барлығы өзімнің байлығым – ешкімнен ұрлап алған жоқпын» дейді.

Ғабдуррахман. О Аллаһ! Ақыр заманың жақын болар. Қыздарымызда мынадай былқылдаған батпан құйрықтан басқа байлық қалмаса, ақыр заманның келмесі не?! Ақыл, парасат, инабат, ұят, – бәрі әдірем қалды. Қазақтың қызына тән ажарлы келбет, сұлу дидар, бота көз, қалам қас, оймақ ерін, көрікті де сымбатты бейне – мұның бәрінің қажеті болмай қалды. Мақтан тұтатын бір-ақ байлық қалды – тек мынадай, майдан тырсылдап жарылайын деп тұрған көт! (тағы да қыздың арт жағынан қамшымен салып қалады; қыз тағы да шыңғырып бұлқынады)

Ғабдуррахман. (Қазиден) Хазіреті қази, мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Жиырма дүре берілсін.

Ғабдуррахман. Дұрыс. (қызды ұстап тұрған көмекшілеріне) Кәнеки, апарыңдар, беріңдер тиісті дүресін. Айтқан ақыл құлақ арқылы қонбаса санасына – арт жағынан қонатын шығар.


Шейхтың көмекшілері қызды дүре соғатын бағанға апарып қолдарын кісендейді. Жендет қызды қамшымен ұра бастайды. Бірақ, ұрысы тым әлсіз.


Ғабдуррахман. (жендеттің жанына жетіп барып) Әй, мұның не? Дүрені осылай соға ма? Сен мұны қамшыңмен сипап тұрсың ғой.


Жендетті орнынан ығыстырып қызды қамшының астына алады Қыз айғайға басып алаңды басына көтерді, оған қарайтын шейх жоқ, дүренің санын жария санап тұр. Халық гу-гу, кейбіреуі күліп жатыр, кейбіреулері қызды кекетіп бірдеңе деп жатыр, кейбіреулері шейхпен бірге дүре санап тұр. Дүре соғылып болғасын жендеттер қызды босатады, ол арт жағын ұстап, ақсаңдап жәйіне кетеді. Ол жылап барады, топтың ішінен қызды кекетіп-мұқатып жатыр, қыз оларға бірдеңе деп жауап қатып барады.