Төңкеріс. Пиесалар - страница 16



Бірінші куәгер. (мырс етіп күледі, топтағылар да оған қосылады) Ұры күмәжнікті жәй ала ма?

Ғабдуррахман. Куәгер, сіз мысқылдамай қазидың сұрағына дұрыс жауап беріңіз.

Бірінші куәгер. (күлкі пышақ кескендей тиылады) Жарайды. Әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады.

Қази. Жақсы. (екінші куәгерге) Ал сіз не дейсіз?

Екінші куәгер. Иә, әшһәду, куәлік етемін – бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады. Мен базарда сауда жасаймын, ал бұл жігіт әрдайым сонда жүреді, және жәй жүрмейді, сатушыларды да, сатып алушыларды да қан қақсатып жүреді. Қолынан шап беріп ұсталған күнде де құтылып жүрді. Бұның ұрлығы жөнінде бүкіл базар біледі, тек мына екумізден басқа ешкім куәгер болғысы келмеді. Иллаһи, осы жігіт ұры! Баукеспе ұры!

Ғабдуррахман. Мінеки, біз ұрыларды әшкерелеп жазалаудың орнына қылмысын жасырып бағамыз. Содан кейін «қылмыскерлер саны күннен күнге артып бара жатыр» деп байбалам саламыз. Жақсы, сіздер боссыздар. (куәгерлер кетеді)

Қази. (ұрыға) Ал, жігітім, сен не дейсің?

Ұры. Кешіріңіз, мен ендігәрі ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Сен өзі неге ұрлықпен айналысасың? Ұрламасаң аштан қатасың ба?

Ұры. Жоқ. Қатпаймын…

Ғабдуррахман. Әлде жұмыс істей алмайтын мүгедекпісің?

Ұры. Жоқ, мен құрылыста жұмыс істеймін.

Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?

Ұры. Жетеді. Отбасы дейтін ешкімім жоқ. Әке-шеше, ағайын-туысым жоқ, мен өзім жетімдер үйінде тәрбиеленгем. Және әлі үйленген жоқпын.

Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?

Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік ішінде жүрсем болды – дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!

Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазиға) Қандай жаза тағайындайсыз?

Қази. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.

Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.

Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.

Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес – қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сондықан да біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Не ғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазидың үкімін.


Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап жіберіп орнынан атып тұрады да, қан саулаған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. Халық шуласып кетеді.


Бір дауыс. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)

Екінші дауыс. Оңбағандар! Қанішерлер!

Үшінші дауыс. Қанпезерлер! Хайуандар!

Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жасағанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді