Төңкеріс. Пиесалар - страница 18



Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл баланы алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.

Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып алып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қази жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!


Халық тағы шуласып кетеді.


Бір дауыс. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!

Екінші дауыс. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!

Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе – өлер. Ал егер сызығына жетпесе – тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр – жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!

Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!

Ғабдуррахман. Өлсең – өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда? Егер сен өз ішіңнен туған балаңды аямай тастап кетсең – біз сенен не қайыр күте алмақпыз? Өзің ойлашы – кімге сенің өмірің қажет? Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!

Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!

Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді? Бір рет тастап кеткен мұйғылаға баланы сеніп беруге бола ма? (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!


Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбірелер: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!» деп жатыр.


Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз? А? Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды мекен? Шырылдап осы дүниеге келе сала, өзін туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті мекен? Содан есейіп жігіт болғанша, «Анам келіп мені алып кететін шығар…» деген үміт пен «Жоқ! Ол келмейді. Мен оған керек емеспін, мен бұ дүниеде ешкімге керек емеспін!» деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді мекен? А? (халық үндемейді) Үндемейсіңдер! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін өзі сұқ саусағымен нұсқайды) «жауыз» деп жазғырған адам кезінде сондай тастанды бала болған, сол адам күндердің күнінде, есейіп, жігіт болып, өзін туған анасы… анасы емес-ау! өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде оған «Жауыз!» деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Жиһад жариялаған! Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді…


Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.


Ғабдуррахман. Егер біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе? А? Неге үндемей қалдыңдар? Ендеше қараңдар – ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!