Төңкеріс. Пиесалар - страница 20



Асқар. Ә, иә, иә… (басы төмен салбыраған күйде шейхтың соңынан еріп кете барады)

Төртінші көрініс

Орталық стадион. Кеш. Футбол алаңында жатқан-отырған халық. Динамиктерден Құран оқыған қаридың дауысы естіледі. Бұл дауыс көріністің басынан аяғына дейін толастамайды, тек кей кезде ақырындайды да, кей кездері зорайып кетеді. Стадион тұтқындарының арасында күбір-күбір әңгіме, балалардың жылаған, қыңқылдаған үндері, біреулердің ыңырсыған, қарғап-сілеген дауыстары. Сахнаның орта тұсында, Ларисаның аяқтарына басын жастап Мария сұлап жатыр.


Мария. (сандырақтап жатыр) Су… су… Лариса, су берші…

Лариса. (жыламсырап) Мама! Суды қайдан алайын? Шыдашы!


Стадиондағылар қозғалмайды, тек анда-санда біреулер жүре бастаса, прожектор жарығына шалынып, мегафон арқылы жүрісті тоқтатуды талап етіп бұйрық беріледі.

Бір уақытта аспаннан ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіледі, гүріл күшейе түседі. Прожектор сәулелері көкке шаншылып, ауе зеңбіректері мен пулеметтер тарсылдатып оқ жаудырады. Тұтқындар бас сауғалап жата кетеді. Аспаннан шағын парашюттерге ілінген қапшықтарда азық-түлік, пластик бөтелкедегі су, қызыл крес пен қызыл ай бейнеленген қораптарда дәрі-дәрмек түсе бастайды. Және көптеген жапырақ қағаздар түседі. Ларисаның жанына бір бума пластик бөтелкелер қонады, қыз оларға қолын созғанымен қолы жетпейді. Ол шешесінің басын жерге қойып пластик бөтелкелерін ұстай бергенде, бір бала әлгі буманы парашюттің жіптерінен ұстап алып сүйрей жөнеледі. Лариса бөтелкелерге жармасып айырылмайды.


Лариса. Әй бала! Тоқтай тұр! Бір бөтелкесін маған тастап кет – мамам шөлден өлейін деп жатыр.


Бала тоқтай қалып бумадан бір бөтелкені алып берейін дегенде униформа киген стадион күзетушілері жетіп келіп тартып алады. Олардың белдерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар.


Лариса. Бір бөтелке! Тым құрығанда бір бөтелке беріңізші! (бөтелкеге жармасып бағады, бірақ күзетші бөтелкені жұлып алып, қызды итеріп жібереді; Лариса құлап түседі, сосын жылап шешесінің жанына қайтып келеді)


Күзетшілер стадионның басқа тұтқындарының қолындағы азық-түлік салынған қапшықтарды, су мен дәрі-дәрмектерді тартып алып жатыр. Стадионның тұтқындарынан екі жігіт оларға килігеді.


1-ші тұтқын. Әй, оңбаған болмасаңдар, тым құрығанда балаларға су берсеңдерші!

Күзетші. Біз оңбаған емеспіз. Ал су беруге рұқсат жоқ.

2-ші тұтқын. Біз сендерден су сұрап тұрған жоқпыз, мына су мен азық-түлік аспаннан түскен жоқ па!

Күзетші. Айтқан жоқпын ба – бұйрық жоқ деп! (тапаншасын суырып алып) Кәні, кетіңдер! Орындарыңа барыңдар!


1-ші тұтқын тапаншаға қарамастан ілгері ұмтылады, ал 2-тұтқын оның қолына жармасып кері тартады.


2-ші тұтқын. Қой, сен оған ештеңе істей алмайсың. Текке оққа ұшасың.

Күзетші. Мен де соны айтамын! Жәй жүріңдер. Жоғарыдан бұйрық болса бәрін береміз. Су да, азық-түлік те, дәрі-дәрмек те аласыңдар. (күзетшілер азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді алып кетеді)

1-ші тұтқын. (соңдарынан жұдырығын түйеді) Оңбағандар! Қанішерлер! (не істерін білмей жан-жағына қарайды, жерде шашылып жатқан жапырақ қағаздарды көріп біреуін көтеріп оқи бастайды) Отандастар! Сіздердің қандай ауыр жағдайда отырғандарыңызды біз жақсы білеміз. Мына азық-түлік, дәрі-дәрмекпен жүрек жалғай тұрыңыздар, біз күнде осындай көмек көрсетіп отырамыз. Қала біздің мықты қоршауымызда, экстремисттердің бірі де қашып құтыла алмайды. Біз оларға күнде елші жіберіп сіздерге бостандық берілсін деген талап қоюдамыз, бірақ бүлікшілер әзірше біздің сөзімізге құлақ асып отырған жоқ. Біз бұл бүлікті қантөгіссіз басуға тырысып бағудамыз, алайда, көпке соза да бере алмаймыз. Жақын арада біз қаланы азат етеміз, ал әзірше сабыр мен төзімділікке шақырамын. Сіздер жалғыз емессіздер – біздің бүкіл халқымыз, бүкіл республикамыз сіздермен бірге. Жалынды сәлеммен, Республика Президенті.