Төңкеріс. Пиесалар - страница 21




Күзетшілер қайтып келеді, жеңінде «кезекші» деген жазуы бар біреуі тұтқынның қолындағы қағазды жұлып алады. Күзетшілер жерде жатқан қағаздарды жинай бастайды.


Кезекші. (қағазға көз жүгіртеді де) Бұның бәрі бос әңгіме! Президент ештеңе тындыра алмайды. Тындырса бәлен күн өтті емес пе – неғып жатыр? Оның бұл сөзіне сенбесеңдер де болады. (күзетшілер қағаздарды жинап алып, бір-бірімен дабдырлап сөйлесіп, күлісіп кете барады)

Мария. (тағы да сандырақтап) Ваня! Әй, Ваня деймін! Қайда кете бересің? Кел мұнда, жақында! Неге сен менімен сөйлескің келмейді? Әлде сен бізді кәпір деп жоламай жүрмісің? Бірақ мен сенің анаң емес пе едім! Әлде бұл сөз сен үшін мағынасын жоғалтқаны ма? А?!


Кезекші қайтып оралады. Оның соңында Жамал, Гүлнәр және Берік келеді. Жаңадан келген тұтқындар жан-жақтарына тіксіне қарайды.


Кезекші. (Мария мен Ларисаның жанына келіп) Новиковтар сендермісіңдер?

Лариса. Иә, біз. (Жамал мен Гүлнәрді көріп) Жамал тәте! Гүлнәр! (шыдай алмай жылап жібереді)

Жамал. (оның жанына отыра кетіп басын сипайды) Жылама Лариса, жә, жылама. Бәрі де жақсы болады. (қыздың көз жасын сүртіп) Мамаңа не болған?

Лариса. (өксігін баса алмай сөйлеседі) Міне… ауырып қалды… жүрегінің талмасы ұстады… енді көбіне… осылай ес-түссіз жатады… сандырақтай береді… Ваняны шақырумен болады. Су сұрайды.

Мария. Лариса! Қызым! Су әкеліп берші. Сондай шөлдеп жатқаным! Өтінемін, су әкеліп берші…

Лариса. Міне, су сұраумен болады… қайдан аламын мен оны! Кішкентай балалардың өзіне бермейді.

Жамал. Мария! Әй, Мария! Сен мені естіп тұрсың ба? Мен Жамалмын ғой!

Мария. А-а… Жамал? Сен… сен…

Жамал. Иә, менмін ғой! Міне, Гүлнәр да, Берік те жанымда.

Гүлнәр. Саламатсыз ба, Мария тәте.

Мария. А-а… Гүлнәр… амансың ба? Сен Ваняның қайда жүргенін білмейсің бе?

Гүлнәр. Ж-жоқ… білмеймін. Мен оны осы күндері көрген жоқпын. Ол… ол… оның қолы бос емес… қолы тимейді.

Берік. (ол да жақындап келеді) Саламатсыз ба, Мария Петровна.

Мария. А… Берік? Амансың ба… (Жамалға басын бұрады) Бұл қалай, Жамал?

Жамал. Міне, әлгі шейх, ең үздік мұсылман, бізді кәпір деп осында қамады.

Мария. А… Асқар ше?

Жамал. Асқар не! Асқар енді бармағын шайнап жүр. (Марияның маңдайына алақанын тигізеді) Сен не – ауырып қалғанбысың?

Мария. Жоқ… жоқ, мен тек жаман шаршадым. Иә, мен шаршадым. Кішкене болса да демалсам деймін… ұйықтап, тынықсам деймін… бірақ ұйықтай алмаймын. Жүрегім қысып ұйықы бермейді… содан… (тағы да сандырақтап кетеді) Ваня келмей қойды… А! Әне! Келді! Ваня! Ваня деймін! Бері келсеңші, жақындасаңшы! Мен ғой, мен, мамаңмын ғой! Не болған саған? Сен не – мені танымай тұрмысың? Неге үндемейсің? Әлде танып тұрып жоламай жүрсің бе? Қайда кеттің тағы да? А? Ваня! Ва-аня!


Лариса көз жасын сүрте бастайды, Гүлнәр да жылап отыр.


Мария. Су! Су! Лариса, су берші. Өтінемін, су әкеп берші…

Жамал. (жан-жағына қарап) Не істесек енді?

Лариса. Білмеймін…

Жамал. (орнынан тұра беріп) Мен аналардан су сұрайын.

Лариса. Текке әуре болмаңыз. Бәрібір бермейді. Қаншама адам су сұрап шулайды, балаларға, бала емізіп жүрген әйелдерге де бермейді ғой!


Жамал отырған жерге тұтқындар жақындап жинала бастайды.


Бір тұтқын. (Жамалға) Сіз жаңа ғана қаладан келдіңіз бе?

Жамал. Иә.

Ер адам. Ондағы жағдай қалай?

Жамал. Мұндағы жағдайдан сәл жақсы, алайда онда да жұмақ орнай қойған жоқ. Бүгін шейх Ғабдуррахман шариғат сотын ашып бір әйелді дүреге жығып, содан әлгі бейшара көтере алмай өліп кетті. Бір күмәжнік ұрлаған жігіттің қолын шауып тастады, және екі қаршадай қызды, «дұрыс киім кимедің» деп сабап жіберді. Шейхтің айтуынша бұл тек бастама ғана, сотын тосып отырған қылмыскерлер толып жатыр дейді. Сондықтан ол әлі біздің адамдардың қанын суша ағызады. Қалада азық-түліктің тапшылығы біліне бастады, нан мен қант, май мен сүт, ет пен шұжық, ұн, жарма және макарон өнімдері, әйтеуір, негізгі азық-түлік арнайы кәртішкемен норма бойынша сатылады.