Төңкеріс. Пиесалар - страница 19
Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады – ол сылқ етіп құлап түседі.
Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?
Дәрігер. Өтіп кетті… (алақандарымен бетін сипайды)
Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһү акбар!
Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің қан-қан болған мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.
Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?
Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қолындағы қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)
Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалтырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде дені дұрыс адамға орын жоқ.
Ғабдуррахман. Жақсы. Қазір сізді стадионға жеткіземіз, онда қаладан шығуды тосып отырған біраз адамдар бар. Сосын арнайы көлікпен қаланың сыртына шығарып тастаймыз. Әрі қарай қайда баруыңызды өзіңіз біліңіз (бір көмекшісіне) Мына кісіні балаларымен бірге стадионға апарып таста.
Асқар. Жамал! Тоқта! Қаладан әлі бір де бір адам шығарылған жоқ. Стадион миналанып тасталған. Ондағы бүкіл халық өлімге кесілген. Олардың бәрі аманат ретінде ұсталып отыр. Қалаға шабуыл жасалса стадион бүкіл тұтқындармен бірге көкке ұшады. Ал шабуыл жасалады, қашан екенін білмеймін, бірақ жасалатыны хақ.
Жамал. Солай ма! (Ғабдуррахманға) Ал хазіреті шейх не деп еді? «Қаладан кеткісі келетіндер стадионға жиналсын, содан арнайы көлікпен облыс орталығына жеткіземіз» деп еді ғой. Соның бәрі өтірік болғаны ма? Мұсылманға, хазіреті шейхке өтірік айтуға бола ма?
Ғабдуррахман. Мұсылманның кәпірге өтірік айтқаны айып емес. Мен мұсылмандар мен кәпірлерді айырып алу үшін солай істедім.
Жамал. Сен жаңа мені де алдадың емес пе?
Ғабдуррахман. Иә, алдадым. Өйткені сізді мұсылман деуге болмайды. Иманды, ибалы әйел мұсылманға, шейхке тіл тигізбеуге тиісті еді.
Жамал. Сен кәпір дегенмен мен кәпір бола қалмаспын. Сендей қанішермен бірге мұсылман атанғанша кәпір атанғаным артық. (халық тобына беттей бере) Гүлнәр! Берік! Жүріңдер, кетейік бұл жерден.
Асқар. (соңынан ілесіп) Тоқтай тұр, Жамал! Қайда барасың?
Жамал. (Асқарға бұрылып, қолының ишаратымен оны тоқтатады) Талақ! Талақ! Талақ! Сенің екі қолың қанға малынған. Біз сендей қанішермен бірге тұра алмаймыз.
Асқар аңырап қала береді. Жамал балаларымен бірге кетеді. Осы жерде мешіттен азаншының дауысы естіледі. Халық тарай бастайды. Қази мен хатшы қағаздарын жинап алып кетеді. Офицер сарбаздарын әкетеді. Шейх жасақтарын қолының ишаратымен аттандырады да имамның жанына келіп қолын оның иығына салады.
Асқар. (селк ете түседі) Ә?! Не?!
Шейх. Азан шақырылып жатыр, хазіреті имам. Мешітке барайық, намаз оқиық.