Төңкеріс. Пиесалар - страница 34



Асқар. Сіз оны істемейсіз, Ғабдуррахман! Стадиондағы адамдардың, қаланың бейбіт тұрғындарының еш жазасы жоқ. Егер тіпті өзіңіздің идеяңыз үшін шайқасып қаза болғыңыз келіп тұрса, сарбаздарыңызбен бірге қаладан тыс жерге шығып шайқасыңыз. Мен тіпті президентке, сіздерге қаладан шығуға мұрсат берсін деген ұсыныспен баруға дайынмын.

Ғабдуррахман. Тапқан екенсіз ақымақты! Президенттің әскері бізді ен далада бес минутта қырып тастамай ма! Жоқ! Мен өлсем өзіммен бірге мыңдаған кәпірлерді ала кетемін. Олардың саны неғұрлым азайса, соғұрлым жердің беті тазара түседі. Міне – менің ақырғы сөзім. Егер сіз менің ұсынысыммен президентке барғыңыз келмесе, мен жихадымды осы жерде бастаймын. (қалтасынан ұялы телефон алып бір нөмірді тере бастайды)

Асқар. Не істейін деп тұрсыз? Кімге телефон шалайын деп тұрсыз?

Ғабдуррахман. Ешкімге емес. Мен дәл қазір стадионды жарайын деп тұрмын. Мен бір нөмірге телефон шалсам болды, жүздеген миналар іске қосылып, стадион бүкіл тұтқындарымен көкке ұшады. (кнопкаларды пипылдатып нөмірді тере береді)

Иван. (қолында атуға даяр тапаншамен бөлмеден шығып қаруын шейхке кезейді) Шейх! Сіз оны істей алмайсыз! Телефоныңызды столдың үстіне қойыңыз да кейін шегініңіз. Әйтпесе мен атамын.

Ғабдуррахман. (орнынан тұра бере) Әй, мұның кім өзі! Мұсылман! Қалай ғана өзіңнің шейхіңе қару көтеруге датың барды, а?!

Иван. (Асқар да орнынан тұрып, біресе Иванға, біресе Ғабдуррахманға қарап тұрады) Ал егер ол шейх жынданып кетсе ше? Егер ол қанпезер жыртқыштай адамдарды жалмап жатса ше? Сонда не істеуім керек?! Енді былшылды доғарыңыз! Телефоныңызды столға қойып кері шегініңіз! (жақындай түседі)

Ғабдуррахман. (екінші қолымен тапаншасын суырып алып) Жоқ! Ғабдуррахман шейх ешқашан кері шегінбейді! Сен, боқмұрын, оны білуге тиістісің! (тапаншаның тетікшесін басып қалып Иванға кезейді) Бала! Таста қаруыңды! Білесің ғой – мен атқанда мүлт жібермеймін.

Иван. Ақырғы рет ескертемін: қойыңыз телефонды столға!


Екі оқ қатар атылады, Иван шалқасынан түседі де, ал оның оғы шейхке дарымайды. Шейх түк болмағандай тапаншасының тетікшесін басып жерде қимылсыз жатқан Иванға қарайды. Асқар Иванның жанына тізерлей отыра кетіп құлағын оның көкірегіне тосады, сосын аяғына тұрады.


Асқар. (көздерімен шейхті ішіп-жеп) Қанішер! Бұл жазықсыз жаның не кінәсі болды? Бұны не үшін өлтірдің?

Ғабдуррахман. Бұл «жазықсыз жанның» орнында мен де жатушы едім. Әрине, егер Аллаһ солай жазған күнде. Бұл кісі өлтіру емес – бұл әділ жекпе-жек. Бұл жігіт қаруын бірінші көтерді, бірінші болып атты, содан міне, жазасын алды. Әлін білмеген әлек! (қайтадан ұялы телефонның кнопкаларын басып керекті нөмірді теріп болып имамға қарайды) Міне, керекті нөмір терілді, енді тек дозвон кнопкасын басып қалсам, стадион бір үлкен қоқыс үйіндісіне айналады. Сонымен, имам, сіз менің ұсынысымды қабылдайсыз ба, әлде қабылдамайсыз ба?

Асқар. (қалтасынан Халел берген тапаншаны алып шығып шейхке кезейді) Телефонды столға қойыңыз, шейх! Қойыңыз да, қолдарыңызды көтеріп кері шегініңіз.

Ғабдуррахман. О-һо! Асеке, мұныңыз не? Дәл сізді қолыңызға қару алады деп ешқашан ойламап едім.

Асқар. Алуға тура келді. Сіз маған басқа амал қалтырмадыңыз. Мен сізді теріс жолдан тайдырамын деп бақтым. Аллаһ куә – сіз сөзге көнбедіңіз. Енді қарудың күшімен көндіргеннен басқа амал қалмады. Өйткені мен сол мыңдаған адамдарды, бейкүнә балаларды өлтіргізіп қоя алмаймын. Сөзбен тоқтата алмасам, қарудың күшімен тоқтатамын.