Төңкеріс. Пиесалар - страница 36
Көмекшісі басын изейді де екеуі кетеді.
Эпилог
Біраз уақыттан кейін Жамал, Гүлнәр, Берік және Лариса келеді.
Гүлнәр. (сұлап жатқан Ғабдуррахманды көріп, столдың арғы жағында жатқан Асқар мен Иванды көрмейді) Ой! Мынау кім-ей?!
Жамал. О Алла! Бұл шейх Ғабдуррахман ғой! Бұған не болған? Мынау не ағып жатқан оның астынан? Ойбай! Мынау қан ғой!
Гүлнәр. (Ғабдуррахманды айналып өтіп Асқар мен Иванға көзі түседі де шыңғырып жібереді) Папа! Ваня! (не істерін білмей екі мәйітке кезекпен қарап тұрып қалады)
Жамал. Гүлнәр! Не болды? Асқар… (столды айналып өтіп Асқардың өлігінің жанына тізерлей отыра кетеді де күйеуінің басын қолына алып көз жасын ағытады)
Лариса. (жүгіріп барып ағасының мәйітінің жанына отыра кетіп ол да егіледі) Аға! Ағатай! Енді сенен де айырылдым ба?! Кешір! Манағы сөздерім үшін кеш мені… а-а…
Жамал. Е-ей! Асыл ерім ай! Асқарым ай! Өз қолыңмен жіберген қателігіңді өз қолыңмен түзеген екенсің ғой. Өз күнәңді өз қаныңмен жуған екенсің ғой. Иә Алла! Кеш мені! Кешегі сөзімді қайтып алдым. Қайтып алдым. (егіліп жылайды)
Гүлнәр әкесі мен жігітінің ортасына отыра кетеді, оның екі қолы екеуінің үстінде, ол да егіліп отыр. Берік шешесінің жанында отыр, Жамал оны бір қолымен құшақтап алған.
Жамал. (басын көтеріп залдағы көрермендерге) Адамдар! Отандастар! Мұсылмандар! Сақ болыңдар! Осындай жалған шейхтердің азғыруына еріп кетіп, бейбіт тұрмыстарыңнан айырылып қалмаңдар! Өзара жарастықты арттырып, бір-біріңді: «мұсылман – кәпір» демей, «ақ – қызыл, бай – кедей» демей, «жоғарғы нәсіл, арийец – төменгі нәсіл, құл» демей, «орыс – қазақ» демей, қоғамды жіктеп – жарып, біреулеріңді екіншілеріңе айдап салуға жол бермеңдер! Сақ болыңдар! Бейбітшілікті сақтаңдар…
Жамал күйеуінің мәйітіне басын қойып егіледі. Осы кезде мешіттен азан шақырыла бастайды. Муәззиннің дауысы біртіндеп әуендеп, шарықтап кетеді. Сол әуенмен шымылдық жабылады.
Шымылдық
Ақын мен әкім
ДРАМА
Кейіпкерлер:
Қалкен – журналист, ақын.
Басар – аудан әкімі.
Жұмағали – әкімнің орынбасары.
Мерген – мәдениент бөлімінің меңгерушісі.
Мақпал – аудан әкімшілігі газетінің редакторы.
Жазира – жеке-меншік газетінің редакторы.
Самал – Қалкеннің зайыбы.
Алма – Қалкеннің бойжеткен қызы.
Қайрат – Қалкеннің мектеп бітірген ұлы.
Шолпан – әкімнің хатшысы.
Балхан Жүсіпова – әйгілі әнші, эстрада жұлдызы; және оның продюсері.
Сергей Андреевич – білім беру бөлімінің меңгерушісі.
Васильев – кәсіпкер.
Имам.
Әкімшіліктің қызметкерлері, саудагерлер, аудармашы, оқушылар.
Официант қыздар: Гүлбаһрам, Юлия, оның досы Саша, бармен, крупье.
Презентацияға қатысушылар.
Ақын бала Ақынжан.
Бірінші көрініс
Әкімнің жиналыс өткізетін кабинеті. Бастықтың столына жалғасқан ұзын стол. Әкім өзінің орнында. Ұзын столдың жағалауында: Жұмағали, Мерген, Қалкен, Мақпал, Сергей Андреевич, Жазира және аудан әкімшілігінің басқа қызметкерлері. Әкім сөйлеп отыр. Қалкеннің қолында блокнот пен қалам. Жазираның қолында диктофон.
Әкім. … Енді кемшіліктерге көшелік. Менің анықтағаным – мемлекет тілінің нашар жағдайы. Ауылдарды алсақ – оларда қазақ мектептерінің саны 80 пайызға жуықтап қалыпты; бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, аудан орталығында жағдай нашарлау – қазақ тілінде сабақ беретін мектептер саны небары 40 пайыз. Қалалық 3 бала-бақшалардың біреуі де қазақ тілінде тәрбие бермейді. Бұл қалай, Сергей Андрей-ұлы?
Сергей Андреевич орнынан тұра бастайды, бірақ әкім қолын сермеп салып оны отырғызады.