Төңкеріс. Пиесалар - страница 37
Әкім. Жолдастар! Біз қазақ мектептерінің санын арттырмай мемлекет тілін тиісті деңгейге көтере алмаймыз. Сондықтан, жедел түрде аудан мектептерінің барлығын мемлекет тіліне көшіруіміз керек. Бұл жөнінде аудан әкімшілігінің қаулысының жобасын дайындап, соны талқылап, келесі маслихаттың сессиясына ұсыну керек. Кәне, не дейсіңдер? (отырғандар үндемейді, сондықтан оларды көзімен шолып өтіп) Сергей Андрей-ұлы, бұл мәселе жөнінде айтарың бар ма?
Сергей Андреевич елең етіп басын көтеріп әкімге қарайды. Бірдеме деу керегін түсініп сөзін бастайды.
СергейАндреевич. Басар Базарович, в текущем году наш отдел образования проделал определенную работу по повышению роли государственного языка…
Әкім. Тоқтай тұр! Сергей Андрей-ұлы, егер бастықтың өзі қазақша сөйлемесе, онда қалай ол қарауындағы мекемелерде, мектептерде мемлекет тілінің жағдайын жақсартпақ?
Сергей Андреевич түсінбегенін білдіріп Жұмағалиға қарайды.
Жұмағали. Сергей Андреевич, Басар Базарович спрашивает: как вы сможете повысить роль государственного языка в подведомственных учреждениях и школах, если сами на нем не говорите?
СергейАндреевич. Но мы сейчас изучаем казахский язык.
Әкім. (түсінбегенсіп) Не дейді?
Жұмағали. «Қазақ тілін оқып жатырмыз», – дейді.
Әкім. Бәрекелді! (Сергей Андреевичке) Онда айтатын сөзіңді қазақша айт. Түсіндің бе?
СергейАндреевич. (басын шұлғып, қызараңдап) Һм! Биз… биз… мем… мим… мемликет тилин… тилин… это… тилин… (қызарып кетіп, қағаздарын жинап кабинеттен шығып кетеді. Отырғандарда үн-түн жоқ).
Әкім. (көзімен оны шығарып салып) Міне – білім беру бөлімі меңгерушісінің түрі мынау. Жұмағали! Бұл орынға қазақты қою керек. Оқу бөлімінде қазақ қызметкер бар ма?
Жұмағали. Бар. Меңгерушінің орынбасары қазақ. Сәкен деген жас жігіт.
Әкім. Жастығы айып емес. Тек еті тірі болса болды.
Қалкен. Сергей Андреевич білім беру саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Аяқ астында қазақша шүлдірлей сөйлеп кетпедің деп орнынан босатуға бола ма?
Әкім. (Қалкенге шүйіліп) Әй! Бұл қайдан шыққан адвокат?! Аққұлақтарды осы күнге дейін басыңа қойып жүрген қай бейбақсың өзің?
Қалкен. (атып тұрып) Сіз сөзіңізді бағып сөйлеңіз! Әкім екенмін деп ауызға келгенді шатуға бола ма? Ал сіздің бүкіл орыс мектептерін қазақшаға аударамызға жол болсын! Ия, мемлекет тілінің жағдайы тиісті дәрежеде емес. Бірақ сіз ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістісіз. Біздің қаламыздың тұрғындарының алпыс пайызы орыс тілде сөйлейтін ұлттар өкілі. Сондықтан мектептердің басымы орыс тілінде білім береді. Бұл мәселеге үлкен абайлықпен кіріспесе…
Әкім. Тоқтат! (орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетіп, қалтасынан темекі алып тұтатады. Сосын орнына келіп, темекі қыстырған екі саусағын Қалкенге кезеп) Дәл осы сен сияқты жамандардың кесірінен қазақ орысқа тәуелді болды. Өз тілінен айырыла жаздады.
Қалкен. (жанында отырған Мерген оның жеңін тартып бірдеңе деп сыбырлайды. Қалкен қолын жұлып алып) Қазақтардың қалай орыс мемлекетіне тәуелді болғаны жөнінде тарихта нақты деректер бар. Егер білмесеңіз, мен айтайын: ең әуелі Тәуке хан, содан кейін Әбілхайыр…
Әкім. Хандарда нең бар ей! Өткенді қопармай қазіргі жағдайды ойла. Қазақстан тәуелсіздік алғанына жиырма жылға жуықтап қалды, ал біз әлі орыстардың ықпалынан шыға алмай жүрміз. Неліктен? Қорқамыз. Неден? (Қалкеннің сөзін мазақтап қайталап) «… ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістіміз», «… бұл мәселеге үлкен абайлықпен кірісу керек». Қашанға абайлай бермекпіз? Ә?! Кезінде орыс империасы бізді жаппай орысшаландырумен құртпақшы болды. Ендігі кезек біздікі. Енді біз жаппай қазақшаландыруға кірісеміз. Кімге ұнамаса – кетсін Ресейіне, жол ашық.