Төңкеріс. Пиесалар - страница 38
Қалкен. Сонда не?! Біздің демократиялық мемлекетіміз империалистік саясат жүргізбекші ме? Орыс империалистері мен шовинистерінің жолына түспекпіз бе? Онда олардан біздің қандай айырмашылығымыз болмақшы? Сіз мынаны айтыңыз – бұл жоғарыдан түсіп тұрған нұсқау ма, әлде өзіңіздің ойыңыздан шығарып алған бірдеңе ме?
Әкім. (Жұмағалиға) Жұмағали-ау, айтшы – түсінсем бұйырмасын – мынауың кім өзі? Қызметі не – соншама әкімге әкіреңдейтін?
Жұмағали Мақпалға қарайды.
Мақпал. (қызараңдап орынан тұрып) Қалкен біздің газетіміздің корреспонденті. Бірақ оның мына жеке пікірімен біздің ұжым келіспейді.
Қалкен. Мақпал Бәкеновна, сіз қалай бүкіл ұжымның атынан сөйлейсіз? Сіз тек өзіңіздің көзқарасыңызды білдіріңіз.
Мерген. Қалкен-әй, қойсаңшы енді! Қалай сен үп-үлкен адаммен тайталасасың? Мына Мақпал да, жақсы болсын, жаман болсын, бастығың емес пе! Және де бастық бола тұрып ұжым атынан сөйлемей қайтпекші?
Әкім. (өзінің орнына қайтып келіп отырған) Мерген! Тоқтай тұр! (Мақпалға) Мақпал Бәкен қызы, мына немені жұмыстан босатасың. Дәл қазір, осыннан шығысымен. Басқарып отырған газетің – әкімшіліктің газеті, сондықтан мұны бұйрық деп ұқ.
Мақпал. (Қалкенге кейіспен қарап) Жақсы, Басар Базарови… Базар ұлы. Тек қана…
Әкім. Не?! Орнына кісі таба алмаймын дейсің бе? Табамыз! Мұндай аққұлақтардың адвокатымен қызметтес болғанша, мүлдем газет шығарамай-ақ қояйық.
Қалкен. (блокноты мен қаламын қалтасына салып, кетуге ыңғайланып) Жарайды… екі қолға бір жұмыс табылар. Осымен менің аузымды жабамын деп ойламаңыз. Әкімшілік газетінен басқа да басылымдар бар. (кетеді)
Әкім. Бар, бар! Ол басылымдарды да көреміз. Билікке көнбейтіні қайдан келіпті.
Жазира. (орнынан тұрып) Осы сөзіңізді дұрыс деп айтып тұрсыз ғой, иә? Менің қоластымдағы басылым – менің жеке меншік газетім. Мен қазір Қалкенді жұмысқа қабылдап аламын. Сосын көреміз сіздің билігіңізді. Қандай әкім болсаңыз да заңға қарсы шыға алмассыз. (ол да кетеді)
Әкім. Өй, өңкей жаман неме! Көрсек көрерміз! (столының үстіндегі қағаздарды ерсілі-қарсылы бір қозғап қойып, Жұмағалиға) Сонымен, білім беру бөлімінің бастығын орнынан түсіріп, орнына әлгі Сәкенді тағайындау жөнінде бұйрық дайында. (Мақпалға) Ал жаңағы неме бүгіннен қалмай жұмыстан босатылсын. Қолма-қол. Түсінікті ме?
Мақпал. Иә, түсінікті.
Әкім. Сосын орнына біреуді табармын – журфак бітіріп жатқан жастар жеткілікті. (отырғандарды бір шолып өтіп) Ал, тағы сұрақтар бар ма?
Мерген. (орнынан тұрып) Басеке, менде бір сұрақ бар еді.
Әкім. Ол нендей сұрақ?
Мерген. Жаңа маған Балхан Жүсіпованың продюсері келді.
Әкім. Не дейді?! Кәдімгі әнші Балхан Жүсіпованың ба?
Мерген. Иә, Балхан Жүсіпованың продюсері.
Әкім. (мырс етіп күліп) Ол мұнда неғып адасып жүр?
Мерген. (ол да ыржияды) Бұл қызық нәрсе, Басеке. О заманда қай заман бізге Алматының әртістері келмегені, Алматы түгілі, облыстық филармонияның өзі жоламайды, ал енді Балхан Жүсіпованың өзі гастрольмен келмекші.
Әкім. Жақсы. Келсін. Ал сонда оның продюсері не қыл дейді?
Мерген. Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.
Әкім. Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?
Мерген. Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.
Әкім. Тегін?! Әй, қазіргі заманда тегін дегенді ұмытыңдар. Бұ несі ей!
Мерген. Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.
Әкім. Міне қызық! Сонда не? Балхан Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?
Мерген. Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?