Төңкеріс. Пиесалар - страница 6
Асқар. (күрсініп алып) Жақсы, мен сіздерге дәріс берейін.
Ғабдуррахман. Бәрекелді! Мен сізден басқа жауап күтпеп те едім. Шынын айтайын – мен сіз жөнінде тек өте жақсы лебіз естіп жүрмін. Қай мұсылманнан сұрамасаң, сізді адал адам, нағыз мұсылман деп сипаттайды. Қазіргі заманда кейбір молдалар, имамдар Аллаһтың заңын ұмытып, ақшаның соңына түсіп кеткені сізге мәлім болар. Ал сіз өз жұмысыңызға адал көрінесіз. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызда көргіміз келеді. Және бізді жатырқамаңыз – сіз бен біздің мақсатымыз бір.
Асқар. Мақсат бір болғанмен, жолымыз бір ме? Мен сіздерге дәріс беруге келісім бергенде, бет алған жолдарыңыздан тосып, Алланың дұрыс, тура жолына түсіремін деген оймен келісім бердім. Иншалла, осы ниетім жүзеге асып сіздер әлі қателіктеріңізді түсінесіздер.
Ғабдуррахман. Асеке! Кімнің қателесіп, кімнің тура жолда екенін бір Аллаһ қана біледі. Солай емес пе?
Асқар. Әрине, солай. Сондықтан да біз әрдайым Алладан бізді тура жолға салғанын тілеп сиынамыз.
Құран оқып дұға тілейді. Жамағат та қол жайып сол дұғаға қосылады.
Асқар. Иә, жаратушы ием! Біздің қателіктеріміз бен күнәмізді кешіре гөр. Бізді өзің нұсқаған тура жолға бастай гөр. Мемлекетімізге тыныштық, бейбіт өмір нәсіб ете гөр. Би рахматика иә әрхәмәр рахимин, Аллаһү акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһү акбар!
Жамағат. Аллаһү акбар!
Екінші көрініс
Асқардың пәтерінің ішкі көрінісі. Балкон есігі ашық, самал жел түрулі перделермен ойнап тұр. Сыртта өсіп тұрған ағаштардың жайқалған жапырақтары көрінеді, яғни, күн жаз. Телевизор істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда телевизорға көз тастап қояды. Ол қазіргі кездің әйелдеріндей киінген, басында шағын орамал. Асқар кіреді.
Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы телевизордың дыбысын бәсеңдетеді, алайда музыка мүлдем өшпей, анда-санда күшейіп, бәсеңдеп ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Ә, келіп қалдың ба? Шәй ішесің бе? Тоқтай тұр! Сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Кешеден бері қабағыңды қар басып кеткендей бір ашылмады.
Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ… Бір мәселе мазалап тұрғаны…
Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған столға дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)
Асқар. (сәл ойланып отырып) Жамал, егер мен бір заңсыз, жасырын, құпия партияның мүшесі болдым десем не дер едің?
Жамал. (қолындағы бір ыдысты салдыр еткізіп түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың! Әлде бұл әзілдің бір түрі ме?
Асқар. Жоқ, мұндай нәрсемен әзілдеуге бола ма? Бірақ мен ол партияның қатарына әлі кірген жоқпын. Мен әлі ойланып жүрмін.
Жамал. Ол қандай партия өзі? Ондай партия бізде бар ма еді?
Асқар. Бар екен, Жамал. Әл-хизб деген партия. Соның жетекшісі мені партиясының мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.
Жамал. Сен не дедің?
Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.
Жамал. Ал ол ше? Не деді ол?
Асқар. «Ойланыңыз, ақылдасыңыз» деді. «Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын» деді.
Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?
Асқар. Иә… солай деуге болады.
Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен… сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?
Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты – біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері бұл мақсатқа мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.