Төңкеріс. Пиесалар - страница 4
Асқар. Әрине, егер кімде-кім ислам дінінің бес парызының бірін елемесе, оның иманы үлкен күмән тудырады. Алайда, намаз оқымайтын кісіні кәпір деген дұрыс емес. Ең бастысы – адамның жүрегінде иманы, Аллаға деген сенімі болуға тиіс. Міне, егер ондай сенім, иман болмаса – мейлі маңдайын жарып алсын күні-түні сәждеге қойып – ол адам ешқашан мұсылман бола алмайды.
Ғабдуррахман. Ал мен білетін хадис шарифке жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммад, салаллаһу ғалайһи уассалам, «адам мен иманның арасында намаз тұр» деген. Яғни, иманға жету үшін адам әуелі намазды игеруі керек.
Асқар. Жөн-ақ! Бірақ сол хадисті сіз білесіз, мен білемін… ал қарапайым адам, қазіргі біздің замандасымыз біле ме? Білмегені үшін оны кіналауға бола ма? Ол бала кезінен советтік, атеисттік тәрбие алған, совет үкіметі тарағаннан кейін де тәрбие мен білім беру саласы атеисттік болмаса да зайырлы түрде жүргізіліп келеді. Сондықтан қарапайым азаматты намаз оқымадың деп кәпір қатарына жатқызған дұрыс емес. Ал басқа дін ұстанғандарды алсақ, мәселен, христиандарды, оларды да мен кәпір деп есептемеймін. Өйткені олар да біз сияқты Жаратқанға иман келтіріп отыр. Ал олар бес мезгіл намаз өтемейді, көбісі аптасына бір рет, жексенбі күні шіркеулеріне барып сыйынады. Сонда не? Оларды Жексембай дейік пе? (бөлмеде отырғандар күліп жібереді)
Ғабдуррахман. (қабағын түйіп күлгендерге қарайды – олар жым болады) Христиандарда жұмысым жоқ. Олар мұсылман емес, олар нағыз мүшріктер – бір Алланы үшеу дейді. Оларға айтатыным: «Біздің дінімізді қабылдаңдар, шариғат заңымен өмір сүріңдер, немесе біздің елімізден кетіңдер!» Бітті әңгіме!
Асқар. Ал сонда олар, не ислам дінін қабылдамай, не кетпей осында отыра берсе не істейсіз? Олар біздің республикамызды өздерінің отаны деп санайды, көбісінің ата-бабалары осында туып-өскен, қалай сіз оларды өз отанынан қуасыз?
Ғабдуррахман. Біз ешкімді қумаймыз. Біз тек шариғат заңын орнатамыз, сол заңды қолданамыз, ал сол заңды мойындамағандар, сол заңға қайшы әрекет істегендер қылмыскер деп танылып тиісті жазасын алады.
Асқар. Сонда оларға қандай жаза бермексіз?
Ғабдуррахман. Шариғат заңы қандай жаза беруді талап етсе, сондай жаза береміз. Мәселен, мен қазіргі мемлекетіміздегі заң-сымақты мойындамасам, соған қайшы келетін әрекет жасасам, соның тарауларына сәйкес жазаланамын. Бас бостандығымнан айырыламын ба, айып пұл төлеймін бе, әлде өлім жазасына кесілемін бе – оны сол тараулар біледі. Ал біз, билікті қолға алысымен, қылмыскерлерге шариғат заңының тараулары бойынша жаза тағайындаймыз. Зынданға тастау керек пе, дүре соғу керек пе, таспен атып өлтіру керек пе әлде атып тастау керек пе – соның бәрін шариғат заңы мен соты белгілеп тиісті жаза тағайындайды.
Асқар. Шариғат заңы көбінесе адамды бас бостандығынан айырмайды. Көбіне айып-пұл төлеумен, дүре соғумен шектеледі. Ұрылардың қолдарын шауып тастайды. Ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кеседі. Кісі өлтіргендерге, өлген адамның туыстарының қалауынша, немесе құнын төлетеді, немесе өзін өлтіреді. Бірақ, мен тағы да қайталаймын: шариғат заңына көшуді қоғам өзі таңдап алуы тиісті. Еріксіз, күшпен, зорлықпен қоғамды сол заңды қабылдауға мәжбүр етуге болмайды.
Ғабдуррахман. Неге? Мәселен, мен өз басым қазіргі заңдарды әділ деп санамаймын. Алайда, сол заң менің пікіріммен санаспайды. Мемлекет мені сол заңды ұстануыма мәжбүр етіп отыр, зорлықпен, күшпен мәжбүр етіп отыр. Жалғыз мені емес – міне осында отырған мұсылмандарды, тағы да біз сияқты мыңдаған адамдарды. Қай заң болмасын – ол күштің, зорлықтың белгісі. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының басқа топтарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың күші, Аллаһтың нұсқауы. Солай емес пе?