Тау мен теңіз ертегілері. Үлкен краб - страница 7
– Мен оны тіпті есіме де алғым келмейді. Оның сегіз аяғы бар, бадырайған екі көзі бар. Маған қарай төніп келе жатқанын білем, байғұс аяқтарым…
«Дәл соның өзі!» деп ойлаған Куафу:
– Оның қалай қарай кеткенін білесің бе? – деп сұрады.
– Анау жаққа қашып кетті, – деп, құбыжық кеткен бағытты көрсетеді Куй. Куафу:
– Онда сен патшаға бар, оған керек боларсың – дейді Куйге. Куафу өзі Куй көрсеткен бағытқа қарай тартып кетеді.
– Патша кім? Ол қайда? – деп сұрайды Куй. Ол кезде Куафу әлдеқашан ұзап кеткен еді.
Куй патшаны іздеп барады, ол патшаны тауып алады.
Патша оның терісімен «Күй барабаны» деп аталатын барабанды қаптайды, содан кейін лэйшэннің сүйегінен барабан таяқшасын жасайды, барабанның дауысы бес жүз шақырымға дейін жетеді, сөйтіп, патша Чи Юды жеңеді. Бұл әңгіме туралы кейінірек баяндайтын боламыз.
Куафу далада түнеп, алыс сапар шегіп, үлкен крабты7 іздеп жүреді.
Бұл жол дәл күн шығатын жаққа баратын жол болатын.
Күндердің бір күні Куафу иен далаға келеді. Ол білегімен маңдайындағы терін сүртіп жатқан кезде иығына бір құс келіп қона кетеді. Куафу оны үркітіп алмайын деп, жайлап отырады.
– Мынау не деген биік тау?
– Тау дейсің бе? Меніңше, ағаш сияқты?
– Осындай сидам ағаш бола ма?
– Осындай тақыр тау бола ма?
– Тау деймін!
– Жоқ, ағаш деймін!
– Ағаш жүре алушы ма еді?
– Тау қозғалушы ма еді?
– Таудың басы жасыл желек болмай ма?
– Жоқ, ол ағаштың жапырағы.
…
Куафу қайран қалды, бұл өзі не сиқыр?! Жаңа жалғыз құс сияқты еді, қалайша екі құсқа айналып кетті. Куафудың екі иығында екі құс. Екі құстың сөзіне оның қатты күлкісі келді. Бірақ құстарды үркітіп алам ба деп, күлмеуге тырысты. Ол көз қиығымен құстарға көз салып қарады. Құстар тым өзгеше екен, екеуінің де бір көзі, бір қанаты, бір аяғы, жарты басы бар болып шықты…
Куафудың екі иығындағы екі құсты біріктірсе бір бүтін құс болатындай екен.
Құсты ортасынан екіге бөліп кеткен сияқты.
Куафу екі қолын ақырын көтеріп, екі құсты еппен ұстап алады. Құстар жалғыз қанатымен ұша алмайды да екен.
Куафу қолындағы екі құсты біріктірді.
Ол енді жаймен орнынан тұрып, қолындағы құсты ұшырып жіберді.
Әлгі құс Куафуды айналып ұшып жүріп:
– Сен тау да, ағаш та емес екенсің ғой, – дейді. Куафу:
– Сен жалғыз құс екенсің ғой, – деп күледі де: – Менің атым Куафу, сенің атың кім? – деп сұрайды құстан.
– Куафу дейсің бе? Біздің атымыз Би-и-няо. Бізді екі құс деуге де болады.
– Мен қателеспесем, сендерді құбыжық айырып кеткен болар?
– Дұрыс айтасың! Өте қорқынышты құбыжық екен. Ол бізді қайшымен қаққа бөліп кетті. Бір құс екі құсқа, екі құс төрт құсқа, төрт құс сегіз құсқа айналып кеттік… кейін қайта бірігіп, сегіз құстан төрт құсқа, төрт құстан екі құсқа, екі құстан қайтадан бір құсқа айналдық.
– Сол себепті Би-и-няо аталып кеттіңдер ме?
– Иә. Өйткені біз ешқашан ажырағымыз келмейді.
– Сен құбыжықтың қалай қарай кеткенін білесің бе?
– Анау жаққа, – деді.
– Сау бол! Ауырсынуды махаббатпен жеңген құс, – деді де, Куафу құсқа қош айтысып алға тартты.
– Хош бол, қозғалатын тау! – деді әлгі құстың жартысы.
– Хош бол, жүре алатын ағаш! – деп қала берді әлгі құстың қалған жартысы.
Куафу күншығысты бетке алып, крабты іздеп кете барды. Ол жол-жөнекей талай кемтар адамдар мен жануарларға жолықты. Оның бәрі алып крабтан зардап шеккендер еді. Куафу қатты қапаланды. Оның алып крабты ұстауға деген сенімі арта түсті. Ол оны ұстап, көп адамдардың, жануарлардың оның кесірінен кемтар болып қалмауына көмектескісі келеді.