Тау мен теңіз ертегілері. Үлкен краб - страница 5
– Қолбасшы Хубэн? – деді патша тағына жаңа отырған Бофу патша.
– Иә, тақсыр!
– Сіз үш мың әскер, Тие қолбасшы үш мың әскер бастап…
– Жоқ, қажеті жоқ! – деді де Куафу патша киімін шешіп, үстіне жамау түскен қодастың терісін жамыла салып:
– Өзім жалғыз жолға шығамын. Сау болыңдар, кездескенше! – деді де жолға шығып кетті.
– Мәртебелі патша…
– Патша, жолға азық алмадыңыз ба?..
– Патша, жол алыс қой…
– Патша, ертерек оралуыңызды күтеміз! – деп, уәзірлер мен әскери қолбасшылар шуласып, соңынан еріп шығарып салды.
– Қайтыңдар! – деп, басына патша тәжін жаңа киген Бофу уәзірлер мен әскери қолбасшыларға зекиді. Уәзірлер мен әскери қолбасшылар не істерін білмей, орындарында мелшиіп тұрып қалады. Бұл көкжиектен көтеріліп, жерді алтын сәулесіне бөлеген сәт еді, Куафу күнді қарсы алу үшін қайырылмастан алға тартып кетті.
– Алып крабты көрдің бе? – деді Куафу алдынан кезіккен адамға. Куафу ол адамнан әлдеқайда биік еді: – Қорықпаңыз, менің сізге зәредей қастығым жоқ, менің атым Куафу, – деді ол сөзін жалғап.
– Куафу…
Әлгі адам қатты әбіржігендіктен, өзінің екі құлағын мықтап ұстап соза береді.
Бар пәрменімен созғандықтан болар, оның екі құлағы салбырап кеудесіне жетеді.
– Алып крабты көрдің бе? – деп Куафу тағы сұрақ қояды. Куафудың бойы ұзын, дауысы да қатты болатын. Куафу өзінің дауысын барынша бәсеңдетіп, әлгі кісінің дауысына салып сөйлейді.
– Алып краб, алып… – деп күбірлейді әлгі адам.
– Куафу елінен, яғни қазіргі Бофу елінен бір алып краб қашып кетті, – деп Куафу оған түсіндіріп: – Алып краб, осы бағытқа қарай қашып кетіпті, сен соны көрдің бе? – дейді.
– Ойбой, бірден солай деп айтпадыңыз ба? – деп әлгі адам өз-өзіне келіп: – Сіз әлгі құбыжықты айтып тұрсыз ғой, мен енді түсіндім. Алып краб деген соң, білмей тұрған жоқпын ба? Оның үстіне, өзің бір дәу адам екенсің, атың кім дедің? – деп, әлгі адам екі қолын құлағынан алмай сөзін жалғады.
– Менің атым Куафу. Біздің ауылдың адамдары дәл осы мен сияқты дәу болады.
– Тәуба! – әлгі адам басын көтеріп, Куафуға қарап: – Құбыжық! – деп айтты да, іле-шала: – Сізді айтып тұрған жоқпын, кешіріңіз, әлгі құбыжықты айтамын. Ол өте қорқынышты болды, бірақ бізге тиіскен жоқ. Дегенмен біздің елдің адамдары одан қатты қорықты. Ол еш аялдамастан, алға қарай тартып кетті. Оны көргендердің бәрі қорыққаннан мына мен сияқты екі құлағын тартып созып тастады. Ал оны көрмей, тек естігендердің өзі де біз құсап құлақтарын созып, ұзартып тастады. Сенбесең, жүр, біздің елге барып көр, бәрі әлі қолдарын құлағынан алған жоқ.
– Бұл жер…
– Сөйтіп, біздің ел «қолы құлағынан түспейтін ел» деп аталып кетті.
– «Қолы құлағынан түспейтін ел», «құлағын ұстаған ел» дейміз бе, әлде «құлағын шымшыған ел» дейміз бе? …Бәрі де сол құбыжықтың кесірінен болған болды ғой?! Кешір… – деді Куафу. Ол әлгі кісінің басынан саусағымен нұқып: – Сен оның қазір қайда қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Білмеймін. Ол біздің елден қашып кетті. Біздің елдің «құлағын ұстағандар елі» деген аты болған соң, оған ие болатын патша болуы керек қой, солай емес пе? Сол себепті, мен енді осы елдің бірінші патшасы боламын. Мен бүгін таққа отырамын. Кешіріңіз, менің кетуім керек.
– Құтты болын! – деп күлді де, Куафу: – Сен әлгі құбыжықтың қай жаққа қашып кеткенін білесің бе? – деп тағы сұрады.
– Анау жаққа кетті, – деп, әлгі адам бір қолын құлағынан алып, шығыс жақты нұсқады да, артынша қолымен құлағын қайта ұстай қойды.