Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 15



Ертеректе бір ауылға келіп түскен Жалайыр Шора күн ұясына батар шақта ауыл адамдарымен төбе басында әңгімелесіп отырады. Олар күнбатыс жақтан өздеріне қарай ұшып келе жатқан қос қыранды байқап қалады. Беймезгіл шақта ұшқан қырандарды ауыл адамдары әр саққа жүгіртіп әңгімелейді. Сол кезде Жалайыр Шора:

– Оң жағындағы қыран құмшегірдің тұқымы екен де, сол жағындағы – сасқалақ сарының сырғағы екен, – дейді. Сонда ауыл адамдары:

– Сен де оттай береді екенсің! Айдалада ұшып бара жатқан құсты балдаққа қондырғандай сипаттадың-ау келіп, – деп мысқылдайды.

– Сенбесеңдер, бәрің орындарыңнан тұрып айғай салыңдаршы. Сол жағындағы қыран жерге құлап түспесе неғыл дейсің, – дейді.

Жалайыр Шора айтқандай айғай-қиқу шыққанда-ақ жаңағы бүркіт қалбаңдап барып жерге құлайды. Ел жүгіріп жанына барса, қорғаншақтай береді. Міне, Жалайыр Шораның білгірлігі. Бүркіттің сасқалағы еш уақытта мандытып аңға түсе алмайды.

Бұл құсбегілердің, аңшылардың шеберлігіне, білгірлігіне тәнті болғанда, құрмет, қошамет көрсеткенде айтылатын нақыл.


АСПАННАН ИСА ТҮССЕ,ЖЕРДЕН МӘДІ ШЫҒАДЫ


Мәді – хазірет Ғалидың (Әзірет шері) ұлы. Орта Азияда өмір сүрген балуан Дариға қыздан туады. Азамат болған соң туабітті көрмеген әкесін іздеп, сапарға шығады. Кездеседі. Алдымен жөн сұрасып алмай күреске шыққанда, бала ұрандап «Иә, Алла, Әзірет шері жаса» деп айқайлап күреседі. Сонда Әзірет шері баланы тоқтатып, өзінің баласы екенін таниды. Бала да әкесін танып, «өз әкеме қол көтердім, жарыл, жер, жарыл!» – деп, жерге кіріп кетіпті.

Адамзат баласын тажал әкелген ауыртпалықтан құтқару үшін Мәді тығылған жерінен шығады. Аспаннан Иса пайғамбар түседі. Тажалдың көзін жояды.

Христиандарда Исаның қайта келуімен жер бетінде әділдік орнайды, адамдар күнә атаулыдан арылып, бақытты өмір сүреді деген сенім бар. Қазақтар да «Аспаннан Иса, жерден Мәді шыққанда, қой үстіне бозторғай ұялайтын заман болады» деп жатады. Бұл сенім қазақтарда ислам дінінің Мәді, Дажжал туралы ілімі негізінде қалыптасқан.

Елшілікке жіберілген екі хазіреттің арқасында жер бетінде мамыражай заман орнайды. Адамдар түгелдей мұсылман болады. Осыдан «Аспаннан Иса түссе, Жерден Мәді шығады», – деген сөз қалған екен.

Мұнда исламның әділ жолымен жүрсең, екі дүниеде ниет-тілегің орындалады деген ой түйінделген.


АСТЫ ҚОРЛАҒАННЫҢ АРТЫ ОҢБАС


Қазақ халқы үшін дастарқан үстіндегі дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Тіпті, аңдаусызда үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын көшпенділер үшін, тұз-дәмнің қасиеті ерекше. «Бір күн дәмдес болған кісіге қырық күн сәлем бер», деген сөз бекер айтылмаған.

«Кісі айдаса барма, дәм айдаса қалма» дейді атамыз қазақ.

1920 жылдар Жақанбек атты ауқатты кісінің даңқы қымызбен шығыпты. Жетісу өңіріндегі ел: «Шіркін, Жақан аулының қымызы-ай!» – деп тамсанып жүреді екен. Бір күні Ысқақ деген ақсақал Жақанбектің үйіне түсіпті. Жөн сұраса келе, үй иесі қонағының атақты мешкей Ысқақ екенін біліп, бәйбішесіне:

– Сабадағы қымызды сарқып ішетін дәудің өзі келіпті. Шөлін қандыру оңай болмас, тегі. Қымызыңа іркіттің суын қосып жібер, – деп құлаққағыс қылыпты. Бәйбіше отағасының айтқанынан аса алмай, айтқанын істейді. Екі тостаған қымызды сіміріп салған Ысқақ, ыдысын жозының үстіне қойып, сыртқа шығыпты. Мешкей қонағынан тезірек құтылғанына қуанған Жақанбек шығып:

– Апыр-ай, ақсақал, жүрісіңіз суыт қой. Неге асықтыңыз? – десе керек. Сонда Ысқақ:

– Е, Жақанбек, аңсап келгенде, аруақ қонған дастарқанның ақ, адал дәмін арамдап бердің. «Асты қорлағанның арты оңбас» деуші еді. Мен содан шошынып барамын, – депті.