Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 17



Екі уәзір де төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда хан:

– Ал енді, өзің қандай уәж айтпақшысың? – дейді әлгі уәзірге.

Ол тұрып:

– Меніңше, бұл адам ұрлап алмаған. Түсіп қалған затты тауып алған. Бірақ тауып алған затын «оңай олжа» деп, алған да жүре берген. Ал, мұсылмандар маңайында тірі жан болмаса да, «мынау кімдікі?» деп үш рет айғайлап сұрауы керек. Бұл енді оның білместігі болған. Әңгіменің қысқасы: затын танып тұрған адам өз мүлкін алып жүре берсін. Ал мына жазаға тартылғалы тұрған адамға кешірім жасалық. Екіншілей қайталаса, осы уәзірлердің кесімі шешім болсын, – депті.

Хан басын изеп: «Кең болғаннан кем болмаспыз, кез келгенді қыра беріп, ел болмаспыз» деген екен.


АСЫЛЫҚ АЙТПА,

АУЗЫҢДАҒЫ АСЫҢНАН ҚАҒЫЛАРСЫҢ


Бұл нақыл «артық айтып, шектен шықпа, тәубеңе түс» деген емеурінді аңғартады.

Отағасы үйіне кірмей жатып, бәйбішесіне:

– Тамағың бар ма, ашығып келдім, – дейді. Бәйбішесі:

– Қазанға ет салып қойдым. Құдай қаласа, бұйыртса, пісіп қалар, – дейді. Отағасы:

– Ой, ет қазанға түскен болса, бұйырса да, бұйырмаса да жейміз ғой, – дейді.

Содан ас дайын болып, енді әкелейін деп жатқанда, үйге екі нөкер баса көктеп кіреді. Үй иесін алдындағы асына да қаратпай ұстап алып, тұтқындап, апарып қамап қояды. Содан ол бірнеше күннен кейін ақталып, үйіне қайтып келеді. Есігін қақса, ар жағынан бәйбішесі:

– Бұл кім? – дейді. Сонда аузы күйген отағасы:

– Бұйыртса, күйеуіңмін, – деген екен.

«Асылық айтпа, аузыңдағы асыңнан қағыларсың», – деген сөз содан қалыпты.


АСЫҢ ТҮГІЛІ, ТАБАҒЫҢ ҚАЙДА?!


Бұл сөз тіркесі «болар іс болып, бояуы сіңді, баяғыда қайда қалдың?!» -деген мағынада қолдынылады.

Қазақта астан кейін ет пен қамырды турап, нарын жасайтын әдеті. Сол дағды бойынша, үлкендер ет пен қамырды турайды. Үйдің бәйбішесі жас келінге табақты беріп:

– Сырттан үстіне сорпа құйып әкел, – деп жұмсайды. Дала қараңғы, ай тумаған екен. Келін сыртқа шыға бере сүрініп құлап, табағы «сатыр-сұтыр» ете қалады. Үйден енесі дауыстап:

– Ой-бу-уй, жолда бұзау жатыр еді, асыңа абай бол! – деген екен, келіні:

– Асың түгілі, табағың қайда?! – деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен.


АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ


Николай заманында Жетісу елінің атақты байы бір жылы жәрмеңкеде өзінің кекселеу болып қалған жүйрік айғырын үйірімен Әндіжаннан келген (Өзбекстандағы қала, елді-мекен) саудагерге сатып жібереді. Сол айғырдың жеке өзін келесі жылы жазда жайлауға шыққан малшылар «Мыңжылқы» өңірінен көріп қалып, байға хабар береді. «Қайтқан малда береке», – деп бай айғырды ұстап алып, мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жас алады. Өйткені, ол айғырдың Әндіжан жерінен осы «Қарқараға» жеткенше бір жылдай уақытта қандай қиыншылық көргенін ұғыну оңай емес еді. Үйірін айдап шығып, айырылып қалды ма, немесе жеке өзі қашып шықты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір қуғынды көп көрген сияқты, атты адамды алыстан көргеннен қаша беретін, денесінің тілім-тілім болмаған жері аз, не болса да көп қиындықпен жеткен. «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы бос болса, қандай қашықтықта болмасын туып-өскен жеріне тарта береді, жануарлардың есі анау-мынау адамнан кем болмайды.

Бай содан кейін ол айғырды өз қолынан шығармай, үйірге қосып жүрді.


АТ – ЖАЯСЫ ЖАЛПАҚ БИЕДЕН,

ЕР АЛАҚАНЫ ЖАЗЫҚ АНАДАН ТУАДЫ


Еліне қадірлі, әділ билік жүргізген Сүлеймен деген қарт әл үстінде жатқанда, үзеңгілес жолдастары, жақын ағайын мен өзінің үш баласы әкеден өсиет күтіп отырғанда, балалары әкеден өсиет сұрауға жарамай, сықсыңдап жылай беріпті-міс. Сонда олардыың бұл қылығына разы болмаған Сүлеймен жиналғандарға қарап: «Ат – жаясы* жалпақ биеден, ер алақаны жазық анадан туады» деуші еді атам қазақ. Көз жасына ие бола алмай отырған мына балаларымнан не шығушы еді. Бұлардың анасы есіктен келген балаға дастарқаннан уыстап бауырсақ әкелгенде, уысына үш бауырсақтан артық сыймаушы еді. Содан туғандар мыналар ғой, көз қырларыңды сала жүріңдер», – деп, балаларын өзінің үзеңгілес достарына тапcырыпты-мыс.