Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 18



Қолы ашық, кеңпейіл, дархан аналардан ғана ерлер туады деген ойды береді.


АТ – ЕР ҚАНАТЫ


Ұлы Алла Адам атаны жәннаттан шығарып, жерге түсірген кезде оны төрт көзі бар, қанатты пыраққа мінгізген екен. Адам ата жерге түскенде, бойын үрей билейді. Бейтаныс мекен көзіне жат көрінеді. Қорыққаннан пырақтың мойнынан құшақтап алып жібермей қояды. Бірақ пырақтар қайтадан жәннатқа көтерілмек болады. Сол кезде Адам ата аттың қанаттарын қырқып тастайды. Пырақтар не істерін білмейді. Сол кезде Алладан:

– Адамның жүрсе, қанаты, жау тисе, қорғаны бол. Адамға қызмет ет, – деген бұйрық келеді. Ат амалсыз жерде қалады. Бұрынғы қанатындағы күш-қайраты оның аяқтарына ауысады. Бастапқыда ат жерге үйрене алмай, жәннатты аңсап жылай берген екен. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат – ердің қанаты» деген мәтел осыдан қалған екен.

Көшпелі дәуірде ат, жылқы деген атаулар қазақ даласының екінші есіміндей болып кеткен еді. Кең байтақ даланы меңгеру үшін, құс қанаты талатын қашықтықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды. Тарихтағы қиян-кескі жорықтар, дала үшін ұзақ қан төгіс қырғындар ат арқасында өткен. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі – ат туралы болатын. Содан да болар, халқымыз «Ат – ер


Жая* – жылқының сауыр еті.


қанаты», «Ат жетпейтін жер жоқ», «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар», «Ат сүрінбей жер танымас», «Ат тұяғын тай басар» дегендей көптеген мән-мағыналы қанатты сөздер қалдырған.


АТАДАН БАЛАНЫҢ БАҒЫ АСЫП ТУУЫ МҮМКІН,

АЛ АҚЫЛЫ ШИРЕК ТЕ БОЛСА КЕМ ТУАДЫ


Әкесіне қарағанда баланың өмірде жолы болуы, қызмет-мансабы өсуі, бағы жануы мүмкін. Бірақ әке алдында ол қашанда перзент. Әкесінен көп өмір сүрген жоқ. Демек, тәжірбие, өмірді танып-білу, көңілге түю тұрғысынан әкесінен асып кете алмайды. Нақылды осы мағынада түсіну керек.

Жиренше бозбала кезінде жасы ұлғайған әкесін ауыл сыртындағы төбеге атпен апарып отырғызып, өзі ауыл аралап, кешке қарай қайта атпен алып қайтады екен.

Бір күні Жиренше нағашысының аулына қыдырып кетеді. Содан қайтар жолда бір жас жігіт жолдан қосылып, бірге жүреді. Ауылға жақындағанда әлгі жігіт басқа ауылға бұрылып, әндетіп кете барады. Жиренше күндегі әдетімен төбе басында отырған әкесін үйіне алып келіпті.

– Балам, жаңағы жолдасың еркек пе, әйел ме? – деп сұрапты әкесі.

– Әйел емес, жас жігіт.

– Ендеше кеткен ауылына барып келші, меніңше сол әйел, – депті әкесі.

Сол ауылға барып, қайта оралған Жиренше:

– Әке, сіздің айтқаныңыз рас екен, мен шамалас қыз болып шықты. Оның әйел екенін қайдан білдіңіз? – деп сұрайды. Әкесі айтады:

– Алыста келе жатқанда аяғы аттың екі өкпесінен шықпады. Ауылға жақындағанда ерге еңкейіңкіреп отырды. Сенен бөліне беріп ән салғанда, әнді еркекше бастады да, әйелше қайырды, содан білдім. Сол қызбен сөйлес, болашақ жарың сол болады, – дейді.

Атақты Қарашаш анамыз сол қыз екен. Жиреншенің «Атадан баланың бағы асып тууы мүмкін, ал ақылы ширек те болса кем туады» деген сөзі содан қалыпты.

Халықтың жорамалы бойынша, Жиренше шешеннің әкесі де сөзден қаражаяу болмаған екен.


АТА ҚАРҒЫСЫ ОҚ


Ілгері заманда дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білетінін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», – деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала «Байұлы» деген құсқа айналып қалған екен. «Ата қарғысы оқ» – деген сөз қалған екен елде.