Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 21
АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ,АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕР
Ертеде бір елдің ханы: «Қартайған әкелерін балалары биік құздан құлатып өлтірсін!» – деген жарлық беріпті. Халық осы жарлықты орындапты. Бір жас жігіт өзінің әкесін құз басына әкеліп, итеруге дайындала бергенде әкесі күліпті. Бала таңданып: «Әке, неге күлесің?» – деп сұрапты. Сонда әкесі: «Мен де сен сияқты осыдан көп жыл бұрын әкемді құздан итеріп едім. Міне, енді өзімнің басыма сол келген соң күлемін», – депті. Мұны естіген баласы әкесін өлтірмей, ханнан жасырып бағыпты. Кейін елінде бір қиын жағдай болғанда, хан бүкіл халқын жинап, ақыл сұраса, ешкім ақыл бере алмапты. Сонда жігіт әкесіне келіп не болғанын айтқанда, әкесі қиындықты жеңудің шешімін тауып береді. Сөйтіп, елін аман сақтап қалады. Бұған риза болған хан қартайған адамдарды өлтірмей, қайта олардан ақыл-кеңес сұрап отыру керектігін заңдастырыпты.
Бұл мақал: «Атаңа туған күн саған да туады, сен де сондай боласың» дегенге меңзейді.
АТАҢНЫҢ ТӨРІ ТҰРМАҚ, КӨРІНЕ КІРЕРСІҢ
Ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, босағаға тулақ төсеп отырғызатын дәстүр болған. Күйеу жігіттің қайын атасының төріне шығуға қақысы болмаған.
Бір жас жігіт қайын атасының үйіне келгенде, жеңгелері астына тулақ төсеп, босағаға отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен. Бөтен адамды көрген төбет арс етіп оқыстан үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрге бір-ақ секіріп шығады. Сонда жеңгесі бетін шымшып:
– Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетіпті ғой, – депті.
Сонда күйеу жігіт есік жақтағы төбетті нұсқап:
– Анандай бәлекет арс етіп тұра ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің, – депті.
Бұл сөз тіркесі үрей-қорқынышқа бой алдырсаң, не істеп, не қойғаныңа есеп бере алмассың деген ойды аңғартады.
АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ – ЕР ЖЕТКЕНІ БОЛАР,
АНА ТҰРЫП ҚЫЗ СӨЙЛЕСЕ – БОЙ ЖЕТКЕНІ БОЛАР
Бұл жерде адамның ақылы жасында емес, басында. Егер ақыл-парасаты толысып тұрса, неге жасына қарап емес, басына қарап бағаламайсыз деген ойды астарлап жеткізіп тұр.
Сырым жас кезінде бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
– Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
– Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
Малайсары жалт қарап:
– Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
– Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар, – дейді Сырым.
– Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, – деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырып алған екен.
АТЫ ЖҮЙРІК ҚАЙЫРАДЫ,ТІЛІ ЖҮЙРІК АЙЫРАДЫ
Аты жүйрік болса, қуып жетеді, озып, алдыға шығады. Ал тілі жүйрік, шешен болса, жақсы мен жаманды, адал мен арамды жіліктегендей ажыратып береді, сөзбен түйреп есе бермейді деген мәні бар.
Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан деген болыстың ауылына келеді. Болыс баса-көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң: «Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе үйіңе қайт!» – дейді.
Сонда Ахмади:
Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі жирен,
Қиянкес, ұры алмаса, шықпайды үйден.
Жануар жылқы болмай, адам болса,
Нәсілі бір кем емес, болыс, биден.
Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,
Шананы қар жауғанда сүйрер еді.
Болдырып көп жұмыстан еті арыса,
Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.