Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 22



Жануар жылқы болмай, адам болса,

Болыс боп бір тайпаны билер еді, – дегенде, Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай: «Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады», – деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп, қайтарыңдар, – депті.


АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА,

БАЙДЫҢ ҰЛЫ СӨЙЛЕСІН


Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, өз сөзі кезегінде:

– Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, – деп өзінің сөзге қатысқысы жоқ екенін самарқау білдіреді. Содан ары жұрттың әңгімесі жараспайды. Бай баласының аузы шынында да аздап қисық екен. Әлгі сөзге намыстанып, ашу шақырады. Жиынның шырқы бұзылады.

Болған жай Бөлтірікке жетеді. Баласының бір ауыз сөзі біреудің жиынының шырқын бұзуға себепші болғанына қатты қапа болады. Бөлтірік баласын оңаша шақырып алып:

– Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады, – деп ақыл беріпті.

Көбінесе бұл мақалды «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деп аздап өзгертіп қолданады. Мағынасыз әңгіме-сөздерімен сөзге кезек бермей қойған немесе мылжыңдап кеткен есірік кісілерді (әкім-қаралар мен байларды) осы мақалмен тұқыртып, тоқтам жасайды.


АУЫЗ – ДАРБАЗА, СӨЗ – САМАЛ,

ҚҰДАЙ ҰРҒАНҒА НЕ АМАЛ


Бұл нақыл: «Ауыз не айтып, не қоймайды, бірақ сөз бен мәністі ұқпайтын арсызға не деуге болады», деген мағынаны білдіреді.

Баяғыда Аужанбай деген қыдырымпаз болған екен. Ол күндердің күнінде бір ауылға қонақ болып қонып, кетпей жатып алады. Бір күн өтеді, екі күн, үш күн өтеді – қайтпайды. Сөйтіп жатуы молынан бір айға созылады. Қазақ қанша қонақжай болғанымен: «Бір күндік қонақ – құт, екінші күні – жұт, үшінші күні – зыт», – деген сөз бар емес пе. Сөйтсе де үй иесі сыр бермей күтеді.

Күндердің күнінде Аужанбай: «Қой, ұят болар, үйім іздеп қалар», – деп жинала бастайды. Атына мініп қоштасар сәтте, әлгі үйдің иесі сөздің сірағасы бойынша айтады ғой: «Ой, ерте кетіп барасыз, тамаққа қарағаныңызда болар еді», – дейді. Аужанбай:

– Ә, солай ма еді. Жарайды, осы тегі қоймадыңыз, бір айтқаныңыз болсыншы. Атымды қайда байлаймын? – дейді.

Сонда қонақжай үй иесі:

– Ауыз – дарбаза, сөз – самал, құдай ұрғанға не амал?! Тіліме байла, атыңды, тіліме байла! – деген екен күйініп.


АШ БӘЛЕДЕН ҚАШ БӘЛЕ


Күздің сары тамыз күнінде Тілеміс шешен үш-төрт жолдасымен бір байдың үйіне түседі. Бай үйі мал соймай, шай қоймай, анау- мынаумен айналысқансып жүріп алады. Сонда Тілеміс оң жақтағы жолдасының кеудесінен періп жібереді де:

– Тамақсау ит-ау, жүрегің үзіліп бара ма? Келгеніміз осы ғой, қолдары да тимей жатыр. Асықпасаң қозы да сойылады, шай да қойылады… – деп жатқандарын естіген бай балалары :

– Қонақтар төбелесіп жатыр, – деп шешелеріне, әйелі байға айтады. Тілемістің сырын білетін бай сезе қойып, «аш бәледен, қаш бәле» деген деп, мал да сояды, май да, шай да қояды. Барын беріп күтіп жібереді.