Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 23
Бәлеқор, бұзық адамдармен дос, жолдас болма, ондай адамдардың жанына жолама, бәледен аулақ жүр немесе бастан құлақ садақа деген мағыналарда ұғынылады.
АШКӨЗДІК КІМГЕ АБЫРОЙ ӘПЕРГЕН
Қанша құйса да толмайтын шыңырау сияқты, дүние қусаң, түбіне жетпейсің. Сол дүниеқоңыздықпен жүріп, өзіңнің де адамдықтан шығып, тұңғиыққа батып кеткеніңді білмей қаласың. Абырой таппайсың, деген ойды білдіреді.
Баяғы заманда ағайынды үш жігіт болыпты. Бір күні үшеуі сапар шегіп келе жатып, бір қап алтын тауып алыпты. Бөліп алмақ болып, базарға келіпті. Бір шетке жайғасыпты да, екі ағасы інісін қымыз әкелуге жұмсапты.
– Олжамызға ортақтастырмай, бұл сұмды өлтіріп тастайық, – десіпті екеуі інісі кетісімен.
Інісі қымыз алып, қайтып оралғанда, екеуі тап береді де, әп-сәтте шаруасын тындырады. Сөйтіп қымызға бас қояды.
Бір уақытта екі ағасының іштері ауырып, сол жерде жан тапсырады. Сөйтсе інісі: «Мен екі ағамды өлтірсем, бір қап алтын түгел өзіме қалады» деп, қымызға у салып әкелген екен. Үшеуі де сол жерде жан тапсырып, бір қап алтын далада қалыпты. «Ашкөздік кімге абырой әперген».
АШТЫҚТА ЖЕГЕН ҚҰЙҚАНЫҢ
ДӘМІ АУЫЗДАН КЕТПЕЙДІ
Ілгеріде болған ерекше оқиғаның естен кетпейтінін жеткізерде немесе жақсы күндерді еске түсіргенде осы бейнелі сөзді қолданады.
Бір жолы данышпаннан:
– Дүниеде қандай тағам ең дәмді, әрі сүйкімді деп ойлайсыз? – деп сұрапты. Әлгі данышпан сонда:
– Дүниедегі ең дәмді тағам – аштықта жеген тағам. Оның дәмі ешқашан ауыздан кетпейді, – деп жауап беріпті.
Соған қарағанда, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», деп айтқан қазекем әрі данышпан, әрі көреген-ау.
АШУ – ДҰШПАН, АҚЫЛ – ДОС,
АҚЫЛЫҢА АҚЫЛ ҚОС
Қазыбектің аталас ағайындары – Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып, оны бір күні шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан.
Ынтымағы жұрттан асқан,
Жақының болса мақтан.
Сенің жасың кіші ғой,
Ағаңның алдына шығудан сақтан! – деп ескертеді.
Қазыбек оларға:
Бір бала бар —
Атаға жете туады.
Бір бала бар —
Атадан өте туады.
Бір бала бар —
Кері кете туады! – деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді… Бұзықтар Қазыбектің үстіне шекпен жауып, сабамаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:
– Шырағым, бір қолың ұрыс бастаса, екінші қолың арашашы болсын, Ашу – дұшпан, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме! – депті.
Яғни, ашу үстінде дұшпаныңнан да бетер бір нәрсені бүлдіріп қоюың мүмкін, сондықтан сабыр сақта, ақылға кел, ақылыңмен дос үстіне дос арттырасың, деген даналыққа үндейді.
АЮ, АЮ, АЮ ЕДІ,
АЮ ДА БОЛСА, БАЙЫМ ЕДІ.
ҮҢГІР, ҮҢГІР, ҮҢГІР ЕДІ,
ҮҢГІР ДЕ БОЛСА, ҮЙІМ ЕДІ
Бұл сөз тіркесі: «Бәріне көніп, етім үйренген, енді өзге нәрсені қаламаймын. Мені жайыма қойыңдар», – деген тілек, өтінішті білдіреді.
Ертеде бір ханның сұлулығына ақылы сай қызы болған екен. Оған бір аю ғашық болыпты. Қыз он бес – он алтыға келген кезде, аю ебін тауып, оны әкетіп қалыпты. Содан қызды үңгірден шығармапты. Бір күндері қонжық бала тауыпты. Ол аяқтанып, өзіне-өзі келген соң, баласын ертіп, үңгірден шығуға рұқсат беріпті.