Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 19



Жолы болғыш, олжалы адамдарға қаратып айтылады.


АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР,

ТОБЫҚ ОЙНАҒАН ТОЗАР,

БӘРІНЕН ДЕ ҚОЙ БАҒЫП,

ҚҰЙРЫҚ ЖЕГЕН ОЗАР


«Қазір көпшілік „Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар“ деп жүр. Бұл заманның талабына орай өзгерген тіркес болса керек. О баста „Асық ойнаған азар, тобық ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар“ деп айтылған. Ойын баласы қай ойынды да азғанша ойнауға әзір. Содан ата-ана баласын күндіз-түнгі ойыннан шектеп, басқа да пайдалы іс-әрекетке тарту мақсатында осындай тіркесті шығарса керек. Ал, тобық деген қандай ойын? Тобық – малдың артқы аяғының сүйегі. Өзі асықтай ғана. Мүжілген тобық сүйегін қазақтар өзара бәстесу құралына айналдырған. Егер біреудің қандай да бір затын алғысы келсе немесе бір затқа бәстескісі келсе, онда екінші адамға осы тобықты жасыруды ұсынады. Бәстесуші адам тобық жасырушыға „мен тобықты сұрағанда, таңдайыңнан алып бер“ деп шарт қояды. Талап әр түрлі болуы мүмкін. Бірі „сұрағанда жанқалтаңнан алып бер“ десе, енді бірі „тіліңнің астынан беретін бол“ дейді. Ойын мерзімі шектеусіз. Бәстесуші қалайда жеңу үшін оңтайлы сәтті күтеді. Бәстен жеңілмес үшін, тобық жасырушы да біраз әуреге түсері анық. Өйткені, ойламаған жерден әлгі бәстескен адамы алдынан шыға келуі мүмкін ғой. Бәстің шартын үнемі ұмытпай жүру оңай шаруа емес, әрине. Екінші жағынан, тобықты таңдайға салып, тілдің астынан алып беремін деп жүріп, тамағына қарай кетіп қалса қайтеді? Міне, сол үшін „тобық ойнаған тозар“ деген сөз қалған». (К. Елемес. 102. 20.03.2013.).

Бүгінде бұл мақалдың мәні ескіргені сондай, қайта керісінше, мына компьютер, теледидар заманында балаларды далаға шығарып ойната алмайтын жағдайға жеттік қой.


АСЫРА СІЛТЕУ БОЛМАСЫН,

АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН


«РКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Ф. Голощекин 1925 жылғы желтоқсанда өткен Өлкелік партия конферен-циясында «Ауылда шынайы кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар» деп шолақ қайырып, қазақ сахарасында «Кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз қалады. «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен әуелі 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды.

Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ, шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық сірә «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырып жіберсе керек». (103).

1930 жылдардағы Қазақстанды коллективтендіру дәуірінде туған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» мақалы сол кездегі солақай саясат пен ұрда жық белсенділердің асыра сілтеуінің нәтижесінде, керісінше орындалды: Бай-кулактармен бірге орта шаруалардың да, тіпті кедей-кепшіктердің де мал-мүлкі аяусыз тәркіленіп, ел жаппай аштыққа, қырғынға ұшырады. Сол алмағайып дәуірдің көңіл-күйі бейнелеп айтқанда, осы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзге түйінделіп, тарих қасіретіне айналғандай.


АСЫР САЛЫП ОЙНАУ


«Қазақтың дәстүрлі баспаналарының бірі – асыр. Оны алып, үлкен шатыр десе де болғандай. Асырды көбінде жаушылық, жорыққа шықанда, ұлы тойлар істегенде пайдаланады. Ертеде жаугершілік кезде көп әскермен жорыққа шыққан хандар асырда, ал әскерлер қарапайым кішкене шатырларда тұрған. Асырды тігу үшін жерге білектей ағаштарды қағып отырғызып, төртбұрыштап, кергіштеп, шатырлап, „сүйегін“ тұрғызып алып, сыртын әшекейленген киізбен немесе берік, асыл пұлдармен жабатын болған. Асырға әскер басылары жиналып, әңгіме, жиналыс жасауы үшін кең, қолайлы істелетін болған. Асырды ұлы, үлкен тойларда да тігеді. Асырды тойға тігетіндіктен қазақта „Асыр салып ойнау“ деген де сөз тіркесі кездеседі». (Б. Кәмәлашұлы, 40.15-б.).