Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 20



Бүгінде бұл сөз тіркесін шат-шадыман, көңілді, думандатып ойнап жүрген балаларға қаратып айтады.


АТ – АСПАННАН (АЛЛАДАН),

САНА – СӘЛЕМНЕН,

ИМАН – ӘЛІПТЕН


«…Сондай-ақ, «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі ат қой, сәби санасына «сәлем» дарыт, және тілін Алланың атымен шығар» (сәбиді құндағынан қозғағанда, бесіктің бетін ашқанда сәлем бер), дейді (Имам Термизи риуаты). Демек, қазақтың «Ат – аспаннан (Алладан), сана – сәлемнен, иман – әліптен» дейтіні осыдан…

«Ат – аспаннан» дегеннен еске түседі, ақын Сараның «Найманда қаракерей, сыбан, мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын», – деп Біржанның алдына салатын Жолымбет дейтін бабамыз болған. Жарықтық 135 жас жасапты. Кенжесі 117 жасында туыпты. Екі қарттың кенжесіне Жақсыбай дейтін абыз:

Қосмұрат болсын бала аты,

Қатайсын, өссін қанаты.

Ат – аспаннан дейтұғын

Бұрынғының санаты.

Алланың берген баласы,

Пенденің жоқ шарасы.

Жүз жаста көп жан алжиды —

Жүруге келмей шамасы.

Асқанда жүзден ұл берген

Құдіретке қарашы.

Сәбиге сәлем берейік,

Бір Алла болсын панасы.

Қосмұрат қалың ел болсын!

Налыма енді, нағашы!

– деп ат қойыпты. Ғұмырында 125 отаудың шаңырағын көтеріп, жарты мыңға жуық ұрпаққа батасын дарытқан дана баба Қосмұратын үйлендіріп, Қара шаңырақты тапсырып барып, көз жұмыпты. Қосмұрат қазір жеті Жолымбеттің ең үлкен руы». (У. Қыдырханұлы, 31. 15.10.2014.)

Жер астындағы, үстіндегі, көктегі, тіпті шексіз ғаламшардағы барлық зат, ұғым атаулының аты, есімі бар. Оған жер бетіндегі мақлұхат, набатат атаулы, өлі-тірі табиғи денелер мен ұғымдар, адам аттары да жатады. Дүниедегі барлық зат, ұғым атаулыға ат жабысқан. Атам қазақтың ат – аспаннан, Алладан дейтіні сондықтан болар.

Адам мен адам арасындағы сөз, әңгіме сабақтасудың бәрі сәлемнен бастау алады. Тіпті бесіктегі сәбидің де шымылдығын сәлеммен ашады. Жазу түспеген ақ қағаздай сәби санасы осы сәлем арқылы алғаш түйсік түсіп, бірте-бірте толысып, дамыса керек.

Ал иманның әліптен болатыны, иманның негізі – исламның бас кітабы – Құран Кәрімде, Құран кітабы араб әрпімен жазылған. Бұл әліппені бас әріп – әліптен бастап игереді. Иманның әліптен дейтіні содан болар. Тағы бір астарлы мағынасы, адам бойына иман мен адамгершілік қасиеттері кішкентай сәбилік кезден бастап бірте-бірте бойға сіңеді дегені болса керек.

Дегенімен, атам қазақтың осындай ұшан-теңіз фәлсафалық түсінікті алты-ақ ауыз сөзбен түйіндеп бере білгені қандай ғажап!


АТ АЙНАЛЫП, ҚАЗЫҒЫН ТАБАР


Кетсе, қайтып оралады, түптің-түбінде келетін жері ғой, деген мағынаны береді.

«Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе, үш аяғына шідер, секіріп аттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе, қаққан қазыққа арқандайды. „Ат айналып қазығын табады“ деу содан шықса керек». (С. Мұқанов, 77.125-б.).


АТ БАСЫНА КҮН ТУСА,

АУЫЗДЫҚПЕН СУ ІШЕР,

ЕР БАСЫНА КҮН ТУСА,

ЕТІГІМЕН СУ КЕШЕР


Ер жігіт қиындыққа тап болса, төзеді, үйреніп, көндігеді немесе қандай ауыр іс, қауіп-қатер, қиыншылықтан да қорықпай, білек сыбана кіріседі деген мағынаны береді.

«Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданылатын тұрман – жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдаланады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да „ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер“ дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды… Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау – „тізгін“ аталады. „Жүгенсіздік“ деген сөз адамға қатысты айтылғанда, бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).