Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 21
АТ БОЛАТЫН ТАЙ САЯҚҚА ҮЙІР,
АДАМ БОЛАТЫН БАЛА ҚОНАҚҚА ҮЙІР
Қонақжай, қонаққа үйір балаларды ерекшелегенде осы сөзге жүгіне-ді.
«Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» дейді қазақ. Саяқ – өзге жылқыларға жоламай, бөлек жайылатын аттар». (С. Мұқанов, 77.76-б.)
АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНДІ
«Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды.
«Құнанның кекілін түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да, басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам жал қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстап көтеріледі. Сірә, қазақтың „Ат жалын тартып мінді“, – деген сөзі осыдан шыққан болар». (Н. Қазыбеков, 56. 71-б.).
Бұл сөздің мағынасы ер жетті, жігіт, азамат болды деген мәнде ұғынылады.
АТА ҚАРҒЫСЫНА ҰШЫРАҒАН ҰЛ ОҢБАЙДЫ
(Екінші нұсқасы) *
«…Бата-тілек құдайдың құлағына шалынбай қоймайды, ата-ананы ренжіткен ұл мен қыздың көсегесі көгермейді, жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды» деп түсінген халықтың діни сенімі ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінен де орын алған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында Төлеген батыр Қыз Жібектің ауылын іздеп бармақ болып, әкесі Базарбайдан рұқсат сұрағанда; «Өзімнің құда түсуге көңілге алған жерім бар. Еділ-Жайық бойында қыз құрып қалғандай, алыстан қыз іздеп, ант бұзып аттанамын дегенің қай көргенсіздік», – деп рұқсат бермейді. Жібекпен уәде байласқан Төлеген әкесі Базарбайдың наразылығына қарамай аттанбақ болады.
Ата салтын бұздың деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ертпей, алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежан қарақшының қолынан қаза табады. Жырды шығарушы ақын-жыраулар осы арқылы ата-ананы ренжітпеу керек, «Ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой-пікірді уағыздап отыр». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.182-183-б.).
«Әке-шешені ренжіту дінде – күнә, қоғамда – қылмыс, өмірде – ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. „Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды“ делінген Пайғамбар хадисінде». (С. Кенжеахметұлы, 43.196-б.).
Бұл – ата-анасына қарсы келгенді құдай да құптамайды деген мәндегі ауыр сөз.
*«Қанатты сөз – қазына», 1-кітабын қараңыз.
АТ ҚОЙЫП, АЙДАР ТАҒУ
«Жас баланың алғаш жүректілік көрсетіп, көзге түскен уақытта көрсеткен ерлігіне сай өзіне ат алатындығы туралы көне түркілік қызықты деректер де ғалымдарға мәлім. Осы дәстүрдің жаңғырығындай тілімізде «Ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі сөз сақталған. Айдар – жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып, жіңішке қып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады. Ал кежеге дегеніміз – түрік бабаларымыздың желкесіне түсірген жуан бір өрім шашы. Осыған орай тілімізде «кежегесі кері кету», «кежегесі кейін тарту» секілді сөз оралымдары сақталған. (Б. Әлімқұлов, 21.).
«Ат қойып, айдар тағу» дегенде, жоңғарлармен айқасқан әйгілі батырлардың бірі – Қаракерей Қабанбай батыр есімізге түседі. Оның шын есімі – Ерасыл, ал Қабанбай – кейін ер жете келе айдар болып тағылған аты. Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» десе, жезделері қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «Қабан» атайды. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырды серіктері «Қабанбай» атап кетеді. Ел-жұртқа да сол «Қаракерей Қабанбай» деген атпен мәшһүр болады.