Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 26



– Әркімнің өз отырған жері бар ғой, мен елге барып қызмет еткенді дұрыс деп білдім. – Бұл сөзді Шоң әдейі Әйімкүл үшін айтып отыр еді. Оның қасында болмай, осында қалғанын жақтырмайтын онша. Әйімкүл көңіліне қарап, осында қалғаны ұшін ештеңе айта алмаған.

Қаниса Шоңмен еріп келген конақтарға жақсылап тұрып тамағын бергізді. Содан кейін оларға кең бір бөлмеге төсек салғызып берді. Төсекке жатып, оңаша қалған соң Шоң Әйімкүлден сұрады:

– Сен Оспанды сағындың ба?

– Мына Бәтжан жоқтатпайды.

Мына сөзді жанағы Шоңның «ел» деген сөзіне байланысты айтып отыр еді Әйімкүл. Шоң оның жалған айтып отырғанын сезіп отырған. Әйтпесе, оны бір ғана Сақыжаннан туғаны үшін жек көретін.

– Сен шыныңды айтшы, Оспанды сағынбайсың ба? – Бұл сөзді әдейі қайталап айтқан. Әйімкүлдің ішкі сырын білу ойы болатын мұнысы. Әйімкүл оның бұлай сөйлеп отырған себебін түсіне қалған. Өткен жолы бір келгенде Оспанды ыңғай сағынамын деген. Енді бұлай сөйлеп отыр. Ақмоладан кеткісі келмей отырғанын түсінді. Сол сөздің дәлеліндей, Әйімкүл айтқан:

– Шоңке, сұранып осында қайтып келмейсіз бе?

– Мен мұнда енді ешқашан келмеймін. Орыстардың қазаққа қандай көзқараста екенін білемін. Сол туысқандарымның арасында, елімде боламын. Сен де қайт, мұнда жалғыз өзің не аласың?

Өткен жолы да осыған ұқсас сөз айтқан еді. Шоңның жақтырмай жүргенін енді жақсы білді. Мына сөзден кейін басқаша сөйледі.

– Шоңке, сізсіз жүре алатын емеспін. Осы жолы бірге қайтамын, – деді Әйімкүл.

Шоң мына сөзіне риза болып, құшағына кысты. Әйімкүл де күйеуін сағынып қалған ба, құшағына кіре берді. Әйімкүл: «Сізбен бірге жатқанның өзі маған ғажап тіршіліктей көрінеді» – деді. Шоң бұл сөздің мәнін түсінді. Бірақ үндеген жоқ.

Шоң ертеңіне үшеуін ертіп ояз кеңсесіне барды. Кешегі ояздың мінезіне қарап бірден алып ішке кіруді ыңғайсыз көріп, үшеуін ауыз үйде қалдырды да, өзі кірді. Ояз жақсы күйде қарсы алды Шоңды. Ол бірден Нұраның бойына келіп қоныстанған орыстардың хал-жағдайын сұрады. Шоң алдымен осындай сұрақ қоятынын біліп алған. Сондықтан Захар ауылына Ақмолаға жүрер алдында барып қайтқан.

– Олардың жағдайы жақсы. Малдарын өсіріп, огородтарын салып, балығын аулап тұрып жатыр.

Мына сөзге ояз риза болып қалғандай. Бұл жайында сөзді бітіріп:

– Кешегі қасыңдағы адамдарың қайда? – деді.

– Олар ауыз бөлмеде тұр.

Карбышев қазақтың билерін жақтырмайтын, соған орай сөйледі.

– Осы билердің санын көбейтіп қажеті қанша?

– Семен Иванович, қарт билер ескіге қарай тартады. Бүгінгі заман талабына байланысты, осындай жас билердің болғаны жақсы…

Мына сөз ояз көңілінен шыққан сөз болуы керек, «шақыр, кірсін» – деді есікте тұратын адамға. Үшеуі кірген. Кешегідей емес, ояз үшеуімен де қол беріп амандасты. Оның бұл қылығы үшеуінің де көңілдерін көтеріп тастағандай.

– Сіздер мына Шоң Телкозиновичке қызмет етесіздер ме? – деп сұрады ояз.

Қу Әлсен айтты:

– Біз сізге, патшаға қызмет етеміз.

– Мен оны білемін. Сіздер алдымен мына Шоң Телқозиновичке қызмет етіңдер. Бұл кісіге еңбек еткендерің патшаға жасағандарыңыз болып табылады. Өйткені, бұл кісі біздің сол жақтағы өкіліміз. – Бұл сөзді ояз саясатпен айтып тұрғанын білді Шоң.

– Жасаймыз, – деп, үшеуі бірдей жарыса сөйледі.

– Олай болса, мен сіздердің би болғандарыңызға қарсы емеспін, – деді ояз.

Ояз ауылдағы билер тәрізді ортаға алып, біраз емтихан алғандай әуре ете ме деп қорқып келген бұлар. Мынасы тіптен оп-оңай болды. Тысқа шыққан соң Әлсен: