Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 27



– Мына ояз қарсы емеспін дейді. Осының алдына әкелмей-ақ бізді би сайлауыңа болады екен ғой.

– Әлсен, бұл да саясат қой, ертеңгі күні ауылдағы билерге айтуға жақсы болады. Сендерді би сайлауға ояздың өзі қолдады деуге…

Қайта Қоңырқұлжа үйіне келді. Шоң Әйімкүлді салт атпен алып кетпек ойы бар еді. Бірақ ұзақ жолға салт атпен өзі екіқабат әйелді алып жүру қиын екенін түсініп, ол ойынан қайтты. «Сен бұл жолы асықпа, кейін атарбамен Жойқынбекке алғызамын» – деді.

Бірақ Әйімкүл Шоңның айтқанына көнбеді. Сол салт атпен бұлармен бірге жүріп кеткен еді.

Дос көңілді адам

Шоң келгенде анда-санда Карбышев оны үйіне ертіп апарып, болыстардың жұмысы туралы ақылдасатын. Ояз мұны қазақ психалогиясын жақсы білу үшін жасайтынын Шоң сезетін. Оның өзі де бала кезінде жергілікті халық арасында болған. Қазақ жайында мәліметі мол еді. Сонда да Шоңнан сұрайтын. Мұнысы Шоңның өзін де жақсы білу үшін жасайтынын сезетін. Содан кейін сөзден ұсталып қалмау үшін неше түрлі құйтырқы сөздер араластырып сөйлейтін.

Шоң кезекті бір келгенінде ояз оны үйіне ертіп апарды. Қазақтын мінез-құлқын Шоңнан артық ешкім білмейтініне оның көзі әбден жеткен. Сондықтан ана болыс солай жасап жүр, соған не істеуге болады деген тәрізді сұрақтар беріп, ақылдасып отыратыны бар еді. Шоң Карбышевтың мұны қулықпен жасайтынын білетін. Үндемей қалуға тағы болмайды. Онда ояз ренжиді. Шоң дұрысын, әділін айтуға тырысатын. Бүгін де пікір алу үшін шақырған шығар деген оймен үйге кіріп келсе бір бейтаныс орыс отыр екен. Карбышев сөз бастап кетті.

– Петр Константинович, сізге айтқан адамым осы кісі болады. Орыс тілін менен де жақсы біледі.

Мына сөзді естіп әлгі адам қуанып қалды. Орнынан тұрып, Шоңға қолын берді.

– Мен жергілікті адамдармен сөйлесуім қиын бола ма деп қауіптеніп жүр едім, бұл кісінің орысша білгені қандай жақсы болды!

Карбышев жасырған жоқ, турасына көшкен еді.

– Петр Константинович Санкт-Петербургтегі шенеуніктер алдында кінәлі болып қалып, осылай жіберген екен. Шоң Телқозинович, бұл адам киргиздардың арасында тұрамын дейді. Оған қалай қарайсыз?

– Мен бұған қуанбасам, ренжімеймін!

– Ендеше, сіздің аулыңызда тұрсын. Қанша тұратынын Петр Константиновичтың өзі де, мен де білмейін. Ол мәселе жоғары жақтың қолында.

Қазақ жерін жаулап алғаннан кейін саясатпен сотталған адамдарды, жер аударылған адамдарды Сібірмен қоса осы жаққа жер аударып тұру әдетке айналған еді. Шоң оны жақсы білетін. Ақмолада істеп жүргенде мұндай адамдардың санын көрген. Оларды көбіне Ақтау, Ортау тәрізді кісі аз бекіністерге, жаңа құрыла бастаған Атбасар сияқты орыс станцияларына жіберетін. Қазақ ауылына жібермермейтін. Оның үстіне тілді білмегендіктен бе, олар қазақ арасына баруды қаламайтын. Ал мына кісі өзі киргиздар арасына баруға сұранып отырғанын біліп, қуанып кеткен. Мұндай адамдар орталықта не болып жатқан, саясаттағы жағдайды жақсы білетін, бір ғажабы жасырмай ашық айтатын. Шоң осы жаққа жер аударылып келген бірлі-жарым адамдармен сөйлесіп, көзі соған әбден жеткен еді. Мына адамға осынша қамкорлық жасап, өзінің тілеген жеріне жіберуіне қарағанда Карбышевтің бір жақын таныс адамы деп ұққан еді Шоң. Біраз таныстықтан соң Карбышевтің пәуескесімен екеуі Нұра бойына жүріп кетті. Жолай келе жатқанда конағы айтқан, мені Сібірге қарай жіберіп коятын еді. Санкт-Петербургте бір жолдасым бар еді, сол Омбыдағы бір жолдасына хат жазып берді. Сол кісінің арқасында осылай – онтүстікке қарай жіберді.