Шежірем сыр шертсе - страница 18



,-деген үзінділер келтіре отырып, «Бұл деректің мәліметі өзінен 4 мың жыл бұрынғы тарихты дастанға кіргізген Фирдауси хабарымен сәйкес келмейді деп кім айта алады. Шындап ден қойған жан Дарий айтқан «коссок» Фирдаусидағы «қазақпен» шендесіп жатқанын байқамасқа лажы жоқ. Дарий І бағындырдым деп отырған Персияның солтүстігіндегі «коссоктар» түрк тектес тайпалар екендігін анықтай түсерлік деректерден де құралақан емеспіз»,-дейді. Сөйтіп тарихшы Н.П.Толльдің: «Впрочем, часть ученых и до сих пор находит некоторые основания утверждать, что скифи были турками. Саками, по словам Геродота, персы называют скифов» деген байламдарын дәлел ретінде ұсынады («Скифы и гунны». Прага.1928 ж. 9 бет).

Қазақтың белгілі ғалымдары Т.И.Сұлтанов пен С.Г.Кляшторный да өздері жазған «Қазақстан: үшмыңжылдық деректемесі» атты кітабында Қазақ тарихын сонау ықылым заманғы сақтар дәуірінен бастап, Қазақ хандығы құрылған кезеңге дейін жеткізе отырып, қазақтың байырғы халқын орыстілді әдебиеттер күні кешегі кеңес дәуірінің 30 жылдарына дейін қайсақтар, қырғыз-қайсақтар деп тегіннен-тегін атамағанын айтып кетеді.

А.Айзахметов сөзінің соңында бүгінгі үлкен бір ұлт атауына айналған «қазақ» этнонимінің этимологиялық сыры дәл осы «қайсақ», «қырғыз-қайсақ», «Қырғыз-Қайсақ ордасы» атауларының астарында жатқаны ешбір талас тудырмайды дейді. Сөз жоқ, орыс үкіметі мен шенеуніктері бұл атауларды қазақтарға кезінде бекерден бекер таңбағаны белгілі. Ол үшін, әлбетте, көне қазақ тарихына қатысты өздерінде бар бұлтартпас ғылыми деректерге, мамандарының пікіріне сүйене отырып, осындай шешім шығарғаны анық. Осы орайда, тек 1925 жылы сәуірдің 15–19 аралығында өткен ҚАССР Советтерінің 5-съезі ғана қазақ халқының қырғыз-қайсақ атауын–қазақтар деп дұрыс өзгерткенін айтып кету керек сияқты. «Съезд шешімдерінің орысша текстінде «казаки», «Казакстан» деп жазылғандықтан, кейінірек, ҚАССР Орталық Атқару комитеті Президиумының 1936 ж. 9 февральдағы қаулысы бойынша, орыс тілі үшін неғұрлым дәлірек «казахи», «Казахстан» деген атау қабылданды»,-дейді бұл жөнінде Қазақ Совет энциклопедиясы (Алматы. 1975 ж. 7 т. 109 б.).

Бұл ғылыми деректер Қазақ ұлысының қияли емес, белгілі тарих кезеңдерінде өз ру-тайпалары бар нақтылы мемлекеттік құрылым болғандығын дәлелдейтін құнды мәліметтер. Бұл дереккөздерінде келтірілген көне ру-тайпалар атауларының бүгінгі қазақ рулары атымен толық сай келетіндігіне көңіл бөлмеске болмайды. Мысалы, беріш, шеркеш, шағырай руларын алайық. Бұл ру атауларының бүгінгі қазақ рулары атымен ұқсастығы кездейсоқтық емес, олардың туысқан бір ру екендігін көрсеткендей. Егер бұл байлам басқа да дерек көздерімен қуатталып, дәлелденер болса, онда біз тілге тиек тіп отырған көне Казахия ұлысы бөтен емес, өз мемлекетіміздің байырғы бастау бұлағы екендігінде күмән қалмайды.

Міне, бұл мәселені бізге жоғарыда аты ауызға алынған үлкен ғалымымыз Мұхамеджан Тынышпаев өзінің «Қазақ руларының генологиясы» ("Генеалогия казахских родов") атты белгілі, зерттеу еңбегінде шешіп береді. Ол мұнда қазақтар деп аталған черкестер мен кіші жүздің он екі ата байұлына қарайтын тағы бірқатар ру-тайпалары тарихын Алтай баурайынан басталған Ұлы қоныс аудару заманынмен (IV–VII ғ.ғ.) сабақтастыра баяндайды. Ол бұл деректерімен қазақтар мен оның құрамына кірген ру-тайпалар тарихын енді IV ғасырларға бірақ апарып тастайды. Енді сол деректерге көңіл бөліп көрейік.