Шежірем сыр шертсе - страница 20
және Кіші Кет деп аталады. Бұларды Кіші жүздің Әлім одағындағы кетелердің үлкен, кіші болып бөлінген жұрты мекендеген өзен алқаптары деуге болады.
Ежелден осы аталған өзен, көл алқаптарын мекендеген түркілік Қызыл деп аталатын тайпалар одағының құрамында Үлкен ачын және Кіші ачын рулары бар. Бұлардың да Кіші жүздің үлкен, кіші болып сараланған алшындары екендігі дау туғызбайды. Бұлай дейтін себебіміз, М.Тынышпаев Ачинск қаласының атауы осы рулардың атынан туындаған деген пікірді айта келіп, былай дейді: «Наименование Берш, Берчикуль, Буриш напоминают название многочисленного рода берш в составе нашего алчын; роды большой и малой ачин тоже напоминают наш алчын с пропуском буквы «л». Такие пропуски замечаются и в киргизском языке, например, говорят «ачы» вместо «алчы» (возьми), «аккель» вместо «алып кель» (принеси) и т.д… Черкеш напоминает род черкеш в составе нашего алчына. Кетьнапоминает род кете–тоже в составе алчын.
В указанных районах несколько раз встречается слово алтын, которые возможно переводить «золото»; но так как несколько географических названий напоминают наши роды, то и тут можно бы отождествить с алчинским родом алтын. Замечательно ещё то, что в этих местах названий, напоминающих роды Большой и Средней Орды (кроме одного аргына), совсем нет, тогда как все перечисленные названия сходы с родами одной только Малой орды». Айтқандарының бәрі көңілге қонымды, ойға сиымды. Ғалым Алтайдан қоныс аударғандар қазақтың өзге ру-тайпалары емес, арғындарды қоспағанда дені бүгінгі алшын–кіші жүз ру-тайпалары екендігін тағы баса айтып кетіп отыр.
Сондай-ақ, Тула қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан уездік Одоев және Харьков–Пенза темір жолы бойындағы уездік Бирюч қалалары, Азов теңізі мен Азов қаласының кезінде Тана деп аталуы, 14 ғасырға дейін Дон өзенінің атауы да Танаис (бұл жерде «ис» грек тілінен қосылған жалғау) болуы, теңізге Кубань өзені құятын жердегі түбектің Тамань аталуы, Киев–Полтава темір жолы бойындағы қалаға Ромодан, осы темір жолы бойындағы Сула өзенінің бір саласына Ұдай деп, ал Пенза губерниясының шекарасындағы қалаға тағы Рамадан деп ат тағылуы және басқа да осы сияқты көптеген жағрафиялық деректер Алшын руларының Ұлы қоныс аудару заманында (IV–VІI ғ.ғ.). Алтай баурайынан шығып, бүгінгі қоныс тепкен мекендеріне жол-жөнекей орыс жерін басып өтіп жеткендіктерін көрсетсе керек. Жоғарыда аталған атаулар Алшынның бүгінгі Байұлы құрамындағы Адай, Беріш, Тана, Жетіру құрамындағы Тама, Рамадан руларынан қалған жұрнақ атаулар екендігі күмән туғызбайды.
Саратов қаласының оңтүстік-батысындағы таудың Алтынтау (орыстардың түркі тіліндегі «у» дыбысын «в» деп оқитынын ескерсек, Саратовтың өзі Сарытау сөзінен туындайтын термин екендігі шүбәсіз), мағынасы тіліміздегі сұра, бер ұғымдарына сай келетін Симбирск губерниясындағы Сура (Сұра) және оған құятын Барыш (Беріш) өзендерінің, кейінгісін басып өтетін жердегі Барыш теміржол стансасының атаулары, ұлы Еділ өзенінің бойынан менмұндалап көрінетін Алтынтөбе қыраты, өзеннің Астрахан аймағына қарама-қарсы оң жақ жағалауында жатқан Төріалтын шатқал-сайының атаулары да, профессор Хвольсон айтпақшы, көне Хозар елінде болған Бараиш қаласы жөніндегі және де басқа осындай толып жатқан көне деректер ертеректе бұл өңірді қалың алшын жұрты басып өтіп, тұрақтағандарының тағы бір дәлелі. Алшындармен қоянқолтық көрші тұрған славян тайпалары олар қойған жер, су, қала аттарын тілдері келгенше бұрап сөйлегендерімен, құдайға шүкір, оларды түпкілікті өзгертпегендерін көріп отырмыз. Осы орайда ғалым: