Шежірем сыр шертсе - страница 21
Ғалым кавказдық Черкештерде Қылыш атасының бар екендігін және олардың өздерін алшындармыз яғни қазақпыз деп атайтындығын, сол сияқты қазақтың Байұлы тайпалар бірлестігінде де осыған ұқсас Шеркеш руының және оның Қылыш аталығының бар екендігіне тоқтала келіп, мұның әсте кездейсоқтық емес екендігін айтады.
Черкештер Кавказдың ежелгі тұрғындары емес, оған өте ертеде Алтайдан қоныс аударған ру-тайпалар қауымдастығы екендігі жөнінде өз еңбектерінде тіл ғылымын зерттеуші С.Аманжолов та («Қазақ тіліндегі диалектология және тарих мәселелері». 41 б. Алматы. 1959 ж.), тарихшы И.Е.Фишер де («Сібірдің ашылуынан бастап бұл жерді орыс қаруымен жаулап алғанға дейінгі орыс тарихы», Спб. 1774 ж. 57–58 б.б.) егжей-тегжей айтып кетеді. Өзіміздің кешегі өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, кең танымал ақын, жазушымыз Сәкен Сейфуллин де шығармаларында черкестер тақырыбын қозғап, олар өздерін «қазақпыз» деп атағанын баяндайды (Шығармалар. VI том 19 б. Алматы. 1964 ж.). Қазақ Совет энциклопедиясында құрамына черкештер де кіретін алшындықтарға мынадай анықтама беріледі: «Алшын–Кіші жүз құрамындағы Байұлы, Жетіру, Әлімұлы сияқты үлкен рулардың негізі болған тайпа. Алшын туралы деректер ертеден бар. Ежелгі мекені–Алтай. 10 ғ-да А-дардың бір бөлігі қыпшақтармен бірге (Қаңлы құрамында) батысқа қарай аттанып, Египетке дейін барған; онда Мысыр билеушілерінің қызметінде болып, мамлюктер әулетінің үстемдігін орнатуда айтарлықтай роль атқарған. 10–12 ғ-да Қырымдағы қыпшақ, комон, печенег арасында А-дар көп болған. 12–14 ғ-да А-ның кейбір рулары Ноғай ордасының негізін қаласқан. Кейініректе олар қазақ халқының негізгі құрамы есебінде белгілі болған. А.Ұрпақтары татар, башқұрт және Орта Азия халықтарының құрамында да бар» (Қазақ Совет энциклопедиясы. 1 т. 311 б. Алматы. 1972 ж.). Бұл дегеніңіз, алшындарға қатысты жоғарыда келтірген деректемелеріміздің растығын қуаттайтын энциклопедиялық ғылыми тұжырымдама.
Шежіре зерттеуші Алшын Серік өзінің «Ұланақ» атты Кіші жүз қаракесектері шежіресінде «Алшын» атауының шығу тегін төмендегіше түсіндіреді: «Жолайы «Алшын» атауына келсек, ол «Алтай» сөзінің диалекті түріндегі синонимдік нұсқасы болуы ғажап емес. Алтай–Алтау, қазіргіше Ал тауы деген тіркес екенін ескерсек, Алшын–Ал шыңы–Алтай екені ешбір қарсылықсыз мойындатар шындық. Негізін топонимнен алатын бұл этномин, Алшын тайпасына бірігіп жүрген (Жетіру тайпасы кірмейтінін ескерген жөн) қазіргі Кіші жүздік рулар бір кездері Алтайдан ауған рулар екенін әйгілеп-ақ тұр.
Бұған М.Тынышпаевтың «История казахского народа» еңбегінің (1993 жыл. Қазақ университеті) «Материалы к истории киргиз-казахского народа» мақаласының «В. «Младшая Орда» тарауының «10. Алчыны» бөліміндегі топонимикалық мысалдар толық дәлел. Біздің ойымызша алшындардың ауу мезгілі–Түркі қағанатының құлауымен тұс па тұс уақыт. Ал, әңгімені тереңдетсек «л-ға» тілі келмейтін Қытайдың «ашын» («аш-ин») деп жүрген жұрты да осы Алшындар