Шежірем сыр шертсе - страница 44



аталып кетеді. Ал Айдарлы үйленген Уасила-Банудан әйгілі Қараша би туады. Қараша би үйсін тайпаларын бііктіріп, 100 мың әскерімен қытай басқыншыларына қарсы күресіп, сондай үлкен шайқастардың бірінде қаза тапқан батыр, қолбасшы. Аты алты алашқа мәшһүр атақты Байдібек би мен бауыры Байтулы (Байдулла) осы кісіден туған. Байтулыдан – Шақшам. Ендігі бір деректерде Қараша бидің бұдан басқа Жәнібек, Мәділбек деген де ұлдары болған. "Ұлы жүздің негізін құраған тайпалар Бәйдібектің балалары",– деген тұжырымды Қазақ Совет энциклопедиясының "Үйсін" мақаласынан да ұшыратасыз (Алматы, 1977 ж., 11 т.,Үйсін, 401 б.).

Бәйдібек би ата-анасынан 3 жасында жетім қалып, жақын туыстарының қолында өсті. Шынтас байдың табынын бағып жүріп есейді. Байдың малын барымташы, жаулардан қорғаймын деп жүріп шабандоз, сайыскер, батыр, жауынгер болып қалыптасты. Сөйтіп жүріп ел арасында әділ шешен-би деген де атаққа ие болды. Оның сол кездері айтқан сөздері халық жадында қанатты сөздер, мақал, мәтелдер ретінде осы күнге дейін сақталып қалды. Бір деректер бойынша шамамен 1356–1419 жылдары өмір сүрді.

Бәйдібек би кейін келе табын-табын жылқылары, қора-қора ірілі-ұсақты малдары бар жұртқа сыйлы, құрметті, бақуатты, бай адамға айналды. Үш әйелі болды. Бірінші әйелі Арыстан бидің қызы Гүлжамал еді. Оны жұрт Сары бәйбіше деп атады. Екінші әйелі Қызыл бидің қызы Зеріп, ал үшінші әйелі тарихта "Домалақ ана" деген атпен әйгіленіп қалған, дала ақсүйегі саналатын қожаның қызы Нұрила ана еді. "Домалақ ана" деген ат оған бір қолының саусақтары доғалданып кеміс біткендігіне орай таңылған-ды.

Бәйдібек бабаның Сары бәйбішеден 9, ал Зеріптен Жалманбет деген бір ұлы болды. Осы Жалменбеттің қоңырат тайпасынан алған Мелде би қызы Мапырашты (Жұпар) деген бәйбішесінен кейін Шапырашты, екінші әйелі–Мапыраштының сіңлісі Қарашаштан (Тұмардан) Ошақты, ал үшінші әйелі Сыландыдан–Ысты (Нұртай), ал одан–Жауатар, одан–Тілік, Ойық деген ұрпақтар дүниеге келді. Оның ішінде Ойықтан Қызылқұрт, Аузыүсіген (Жанкөз), Көкшекөз, Сәтек аталары өрбіді.       Сары бәйбіше Нұриланың толғағы ұстап жатқанда көреалмаушылықпен арнайы адам жіберіп, егер ұл туар болса нәрестені білдірмей өлтіруді тапсырады. Ол жіберген адамы нәрестені құрсақтан шығарып аларда басын қатты қысып, жарып жібереді. Бірақ құдайдың құдіретімен бала бәрібір тірі, аман қалады. Азан шақырып қойған аты Тілеуберді болғанымен ол кейін басының жарықтығына байланысты Жарықшақ деп аталып кетеді. Бір деректерде шамамен 1398–1475 жылдары өмір сүрген делінеді.

Нұрила ананың тегін адам болмағандығы аңыз әңгімелерде де айтылады. Ұлына пәленің қайдан келгендігін тез аңғарған оның наза, наразылығы ізсіз кетпейді. Сары бәйбішенің 9 ұлы бір шайқаста түгелдей опат болады. Әулетінің бұл тармағы тұқымсыз қалмауы үшін Бәйдібек баба құдайы шалып, сол үлкен жиында жалғыз қызы Алтыннан (Байтоқты) туған бір жиеніне ақсақал, жұрттың келісімімен жілік ұстатып, бата бергізіп, өзіне бала қылып асырап алады. Азан шақырып қойған аты Сыйлықсары болғанымен жұрт оны лақап атымен кейін Сарыүйсін атап кетеді.

Ендігі бір деректер нағашы жұртында өскен оны Ұшан деп те таратады. Бәлкім еркелетіп қойылған атау болуы мүмкін. Аңыз бойынша, Сарыүйсіннің әкесі бір талас-тартыстан кейін жұртына өкпелеп, үйсіндердің арасына көшіп барып, Бәйдібек бабаның қызын алған кіші жүз руының бірінен деген де болжам бар. Салт-дәстүрге берік қазақ қайсыбір отырыста болмасын мал басын алдымен Жалайырға ұсынып, ал ол болмаса, кезекті Сарыүйсінге беріп жүр.