Төңкеріс. Пиесалар - страница 25




Осы тұста есік қоңырауы шыр ете қалады. Асқар селк етеді, сосын тұрып, есікке жақындап, оны ашады. Халел көмекшісімен кіреді.


Халел мен оның көмекшісі. Ассаламү ғалайкүм.

Асқар. Уағалейкүм ассалам. (сәл бөгеледі, сосын, дәлізге көз тастап, есікті жабады) Жоғарлатыңыздар.


Халел жоғары шығып, үй иесі нұсқаған орындықта жайғасады, көмекшісі есік көзінде қалып тың тыңдайды, ара-тұра терезеге жақындап келіп шымылдық арасынан далаға көз тастап қояды.


Асқар. (өзінің орнына отыра бере) Танымадым ғой… сіз кім боласыз?

Халел. Менің есімім Халел. Мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін, бүлікшілерге қарсы күрес ұйымдастыру үшін жіберілген арнайы бөлімшенің басшысымын. Біз қаланың естияр азаматтарымен бүлікке қарсы іс-қимыл жасайтын ұйым құрдық, гарнизонның есі дұрыс офицерлері мен сержанттарының арасында үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. «Әл хизб» партиясының мүшелерімен де сөйлесіп ақылға шақырып жатырмыз.

Асқар. Түсінікті. Ал маған қалай қорықпай келіп тұрсыз? Мені бүлікшілердің, Ғабдуррахман шейхтің сыбайласы деген жоқ па… сол естияр азаматтар?

Халел. Жоқ, керісінше, ол азаматтар сізге сенім артып отыр. Және бір тапсырма бар – оны сізден басқа ешкім орындай алмайды. Міне, оқыңыз. (қалтасынан бір қағаз алып Асқарға ұсынады)

Асқар. (қағазды алып жатып) Бұл не?

Халел. Бұл тапсырма. Біздің басшылықтың сізге берген тапсырмасы. Керек болса – президенттің тапсырмасы!

Асқар. (қағазды оқып шығып үстелге тастай береді) Астафиралла! Мен мұндай тапсырманы орындай алмаймын.

Халел. Орындайсыз. Иә, бұл тапсырманы орындау оңай болмас. Бірақ сізден басқа ешкімнің қолынан келмейді.

Асқар. О Алла! Енді кісі өлтіру тек имамның қолынан ғана келетін болғаны ма?!

Халел. Кешіріңіз, Асеке. Мен мынаны айтайын деп едім – шейх сізден басқа ешкімді маңына жолататын емес. Полковник Ысмаиловтың көзін жойғаннан бері ол мүлдем адам баласына сенуден қалды. Әсіресе бүгінгі шариғат сотынан кейін ол енді ешқайда бас сұға қоймас.

Асқар. Е-е! Полковник Ысмаиловты сіздер өлтірген екенсіздер ғой!

Халел. Асеке, олай демеңіз. Полковник Ысмаиловтың көзін жою жөнінде біз басшылығымыздан бұйрық алдық. Біз гарнизонның бірсыпыра офицерлерін үгіттеп өзіміздің жағымызға шығарып алдық, ал полковник нағыз фанатик екен, көнбей тұрып алды. Содан кейін оның көзін жоюдан басқа еш амал қалмады. Енді шейх Ғабудррахманды жоқ қылсақ қаланы қантөгіссіз азат етуге мүмкіндік туады. Бізге түскен мәліметтер бойынша стадионның жарылғыш миналарын іске қосатын пульт Ғабдуррахманның қолында екен. Біз гарнизон басшылығын қолға алып экстремисттерді тұтқындай бастасымен ол стадионды құртып жібереді. Тұтқындалған күнде дәл өзіне еш қайырымдылық болмайтынын шейх жақсы біледі. Сондықтан оның көзін жойғаннан басқа амал қалмады. Ал ол маңына ешкімді жолатпайды. Өзіне әбден берілген, шейх үшін жанын пида етуге дайын жасақтарымен қоршап алған. Сірә бірдеңені сезіп жүр-ау деймін. Содан, әрі ойлап, бері ойлап, осы тапсырманы сізге жүктегеннен басқа ештеңе ойлап таба алмадық.

Асқар. Жоқ, Халел, мен кісі өлтіре алмаймын. Жо-жоқ, атамаңыз! Кісі өлтіру – зор күнә.

Халел. Мен бәрін түсінемін, Асеке. Бірақ, біз өлтірмесек – ол өлтіреді. Өлтіріп жатыр да! Шариғат сотының үкімімен өлім жазасына кесілгендерден басқа, стадионнан күнде бәлен өлік шығарылады. Жақын арада сондағы тұтқындарды босатып алмасақ, жаппай қырыла бастайды. Тұтқындар әбден ашыққан екен, футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Олар шөлден де азап шегіп отыр. Міне бүгін олардың сусыз отығандарына тоғызыншы тәулік кетті! Тоғыз тәулік сусыз отыру дегенді түсінетін шығарсыз. (Халел имамнан көзін айырмайды, ал ол шыдай алмай төмен қарайды) Ал біз бүгін басшылығымыздан таңғы беске дейін стадиондағы жарылғыш миналарды істен шығару жөнінде бұйрық алдық. Сағат бесте президент қалаға шабуыл жасауға пәрмен береді. Ал шабуыл басталысымен Ғабдуррахман стадионды жарып күлін көкке ұшырады. Ал онда он мың адам қамауда отыр. Ойланыңыз – он мың адам! Бір адамды өлтіру қалай – он мыңын қырып тастау қалай? Стадионда мыңдаған балалар, кішкентай сәбилер бар. Қателеспесем, сіздің қызыңыз бен ұлыңыз да сонда отыр. Жұбайыңыз жөнінде сөз қозғамай-ақ қояйын. Қалай сіз балаларыңызды ойламайсыз?