Төңкеріс. Пиесалар - страница 26



Асқар. (басын көтереді, жүзінде қасірет пен қайғы) Олар менің жадымнан ешқашан кетпейді, мен оларды әрбір сәтте ойдан шығара алмаспын.

Халел. Онда қалай қол қусырып отырмақсыз?

Асқар. Мен қол қусырып отырған жоқпын. Күнде сол шейхтен стадиондағы тұтқындарды босат деп өтінемін. Бірақ ол көнбей тұр.

Халел. Дұрыс, ол ешқашан оларды босатпайды. Өйткені стадиондағы тұтқындар шейхтің басты көзірі. Президент автономияны мойындап, шейхтің ұсынып отырған келісім шартына қол қоймағанша стадиондағы тұтқындарға бостандық жоқ. Ал президент ешқашан автономияны мойындамайды. Және де онысы дұрыс. Қазір осы автономияны мойында, ертең тағы біреу дәл осындай бүлік шығарып тағы бірдеңе деп талап қояды. Сонда мемлекетімізді ыдыратып, бөлшекетеп таратып жіберуге бола ма? Жоқ, болмайды! Президенттің автономияны мойындайтын ешқандай хақысы да жоқ. Және де ол кісі бұл бүлікті көпке соза да бере алмайды. Бізге берілген мерзім бітті, бүгін ақырғы түн. Ал біз, шейхты, оның қолындағы пультты істен шығармағанша ешқандай іс-қимыл бастай алмай отырмыз.

Асқар. Мен бәрін түсінемін. Мен… мен соны… өлтірудің де қажеттігін мойындауға дайынмын. Бірақ, мен… өз басым кісі өлтіре алмаймын. Жоқ, бұл іс менің қолымнан келмейді. Менің қолым біреудің өмірін қиуға бармайды. Мүлдем бармайды.

Халел. Барады! Барғызасыз! Егер де сіз мыңдаған адамдардың өміріне төніп тұрған қауіпті ойласаңыз, түсінсеңіз, соларды құтқару үшін сіз кісі өлтіруге барасыз. Былай деп ұғыңыз – сол он мың адамның тағдыры, өмірі бір өзіңіздің қолыңызда тұр.

Асқар. Сонда да мен кісі өлтіре алмаймын. Былай істесек қайтеді – мен қазір Ғабдуррахманға барып тағы да сөйлесейін, стадиондағы адамдарды босат дейін. Мен оны көндіремін, мен оны қалай да көндіруге тиістімін!

Халел. (шыдай алмай столды алақанымен қойып қалады) Имам! Ояныңыз! Есіңізді жиыңыз! Қалай түсінбейсіз – ол ешқашан тұтқындарды босатпайды, өлсе де босатпайды! Өлсе бірге алып кетеді, бірақ босатпайды. Бұл жерде енді сөздің қажеті аз. Енді істің кезегі келді. Сіз сол істі қолға аласыз, сіз оны өлтіресіз! Өлтіресіз де он мың адамды аман алып қаласыз. (қалтасынан тапанша алып шығады) Мінеки, осы тапаншамен сіз шейхті атып тастайсыз!

Асқар. (екі қолын ала қашып) Жо-жоқ! Атамаңыз! Мен өмірі қолыма қару ұстаған емеспін, мен тапаншадан ату білмеймін. Адам түгіл итті де ата алмаймын.

Халел. Бұл шейх иттен де жаман болып тұран жоқ па! (пауза) Ал тапаншадан ату оп-оңай. Бұның оқтары уландырған, сіз әйтеуір шейхтің денесінің бір жеріне тигізсеңіз болды, жеңіл жараның өзі жеткілікті. Және дәл жанында тұрып адамға оқ дарытпау мүмкін емес. (тапаншаның тетіктерін көрсетіп үйрете бастайды) Міне, мына тетікше тапанша өз бетімен атылып кетпеуі үшін былай басылады, яғни, атардың алдына оны былай шегіндіресіз. Содан кейін тапаншаны шейхке көздеп шүріппесін бассаңыз болды оқ атылады. Және саусағыңызды шүріппеден алмасаңыз бұл тапанша оқ жаудыра береді. Түсіндіңіз бе? Мінеки, қолыңызға алып атып көріңіз, қорықпаңыз, қазір мұнда оқ жоқ.

Асқар. (тапаншаны алуға асықпайды) Бұл істі жүктейтін басқа адам табылмағаны ма?

Халел. Табылмады. Табылмайды да! Бұл іс тек сіздің қолыңыздан келеді. Шейх тек сізге кәміл сенеді. Сіздің киіміңізді тексермей, тінітпей оған кіргізеді. Біз оның бәрін анықтадық. Мына тапаншаны ішкі қалтаңызға салып алыңыз. Бұл тапаншаны ешқандай электронды аспап та сезбейді, ит те иісін алмайды.