Төңкеріс. Пиесалар - страница 28
. Иә, Асеке, мамам қайтыс болды. Ол Лариса екеуі қаладан ешқайда кетпепті, стадионда аштан аш отырыпты. Мен оны бүгін ғана білдім, маған олар жөнінде стадионда күзетші болып істейтін танысым айтты. Сосын шейхтен шешем мен қарындасымды үйге алып кетейін деп рұқсат сұрап алып барғам… сөйтсем, стадион нағыз концлагерьге айналыпты. Ондағы мыңдаған адамдардың жағдайын көріп жаным түршігіп кетті. Олар әбден арыған, балалар су сұрап ыңырсиды, жылауға әлі келмейді. Футбол алаңының шөбін тақырлап жеп қойыпты. Жақсы, Асқар аға, олар кәпір болсын. Бірақ, балалардың не жазығы бар? Емшектегі балаларды, кішкентай сәбилерді кәпірлер қатарына жатқызуға бола ма? (имамға қарайды, ол ше үнсіз төмен қараған бойы отыр) Сосын… сосын мен мамам мен Ларисаны тауып алдым. Ал олардың жанында Жамал тәте мен Гүлнәр отыр екен. Берік те сонда. Мен оларды сонда отырар деп ешқашан ойламап едім. Егер оларды кәпір десек, онда… онда түк түсінсем бұйырмасын! (ол имам бірдеңе дей ме деп тоқтайды, бірақ имам сол отырған бойы қозғалмайды) Сосын… мамам ес-түссіз жатыр екен, мен оны көтеріп әкетейін деп едім, ол сол жерде жан тапсырды… сол жерде, менің қолымда кете барды… тұп-тура менің қолымда өтіп кетті… Ал Лариса… ол… ол маманы сен өлтірдің деп бетіме басты. Енді… енді ойлап көрсем, оның сөзі дұрыс екен. Мен… мамамның өліміне мен кінәлімін.
Асқар. Жоқ Ваня, олай деме. Сен кінәлі емессің…
Иван. Иә, менде барлық кінә. Жамал тәте де солай деді, Гүлнәр да… ол ашық айтпаса да жүзі соны білдіріп тұрды. Олардың маған қараған жанарларын көрсеңіз ғой! Мен оларға құбыжықтай көрінген шығармын. Ондай көздердің қарасына шыдау мүмкін емес-ті. Сосын мен кеттім. Ал мамам мен Лариса қалды. Тым құрығанда мамамның мәйітін алып кетейін деп едім, Лариса көнбеді. Жамал тәте: «Шейхке бар, стадиондағы тым құрығанда балалар мен бала емізіп жүрген әйелдерді босат де», – деді. Шейхке барып едім, ол мені қабылдамады. Көмекшілері жібермеді. «Не жөнінде келдің?», – дейді. Бұйымтайымды айтып едім, «Стадиондағылар кәпір, олар үшін сен неге қам жеп жүрсің, сен өзің мұсылман емессің-ау», – деп бас салды. Ал стадиондағылар… олар да адам баласы емес пе? Кешегі арамызда жүрген тамыр достарымыз, кеше ғана мектепте бірге оқыған кластастарымыз емес пе? Және де кішкентай балалар, сәби бөбектер… олардың не жазығы бар? Мен осыны түсінбеймін. (жігіт мұңайып бір күрсініп алады) Және, біздің мақсатымыз осы ма еді? Біз халықтың алғысының орнына қарғысына тап болдық қой! Бәрінен бұрын батып тұрғаны – шешем марқұмның мәйіті әлі сол футбол алаңында жатыр. (біраз уақыт үндемей қалады) Сосын… міне, сізге келдім. Сіз не дей аласыз, аға? Шариғат заңы адам баласын мал құсатып шөп жегізіп, оттатып қой дей ме?!
Асқар. (бір күрсініп алып Иванға қайғылы көзімен қарайды) Эх Ваня, Ваня! Біз алданып қалыппыз. Иә, сен сияқты тәжірибесіз жас жігітке алданып қалу ғажап емес. Бірақ мына мен сияқты, оқыған, білімі толық адам да алданады екен. Енді менің де көзім ашылды. Иә, ислам діні, шариғат заңы адам баласын хайуанға айналдыр, мал қылып жібер демейді. Жоқ, ол керісінше, имандылыққа, адамгершілікке жетелеуге тиісті. Сен дұрыс айтасың – стадиондағылар кәпір емес. Олардың бәрі кәпір емес. Стадионнан тыс жерде де кәпірлер бар. Сенікіндей униформа кигендердің ішінде де, өздерін «Мен мұсылманмын!», – деп кеуделерін соғып жүргендердің ішінде де кәпірлер бар. Ал сол кәпірлер – ең қауіпті кәпір. Олар нағыз шайтанның сапалақтары. Шайтан да кейде имандылықтың киімін киіп жылтырап жүреді, адамдарды адастырады. О-о! Ол лағнет келгірдің білімі де, сұрқиялығы адам баласын есінен адастырып, ең игі ойын, пиғылын, ниетін бұрып жіберіп қатыгездікке, оңбағандыққа, зұлымдыққа апарып соқтырады. Сондықтан өте сақ болу керек.