Төңкеріс. Пиесалар - страница 27



Асқар. Жақсы, мен шейхты өлтірдім делік, ал сонда оның жанындағы жасақтары сол пультты іске қосып стадионды жарып тастамай ма? Шейхті өлтіргенмен біз мақсатымызға жете аламыз ба?

Халел. Ол үшін қам жемеңіз. Біз мынадай жәйтті анықтадық – пультты іске қосу үшін құпия кодты қолдану керек. Ал кодты шейх өзі ғана біледі екен. Одан басқа тірі жан білмейді. Яғни шейхтен басқа жан жарылғыш миналарды іске қоса алмайды. Сіздің міндетіңіз – тапаншаны шейхке кезеп шүріппесін басу – ар жағын тапанша өзі біледі. (тапаншаға оқтарды салады да, іске қосып, өз бетімен атылып кетпеу үшін тетікшені басып Асқарға ұсынады) Тек, атардың алдында мына тетікшені былай қайтаруды ұмытпаңыз.

Асқар. (тапаншаны қолына алады да сол тетікшені басады) Осылай ма?

Халел. Иә. Енді тапанша оқ атуға дайын. (имамның тапанша ұстап тұрған қолын кілем ілініп тұрған іргеге қарай бұрып) Ал, басыңыз шүріппені.

Асқар. Қалай, дәл осы жерде ме? Үйдің ішінде ме?

Халел. Ата беріңіз, бұл тапаншаның дауысы қатты шықпайды. Оқ бұл қабырғаны тесіп шыға алмайды. Басыңыз, басыңыз шүріпені! Қорқпаңыз. Қаттырақ басыңыз.


Асқар шүріппені басып қалады, тапанша сәл ғана шырт етіп оқ атады.


Асқар. Ойбай! (тапаншаны столға қоя салады)

Халел. Міне, көрдіңіз ғой – оп-оңай. Шейхті атып тастасымен тапаншаны ұстаған бойы қолыңызды қалтаңызға салыңыз да ақырын ғана шейхтің кабинетінен шығып кетіңіз. Сізді ешкім бөгей қоймас. Ал егер біреу-міреу бөгесе – тапаншаны қолданыңыз, ойланбастан қарсы келгенді де атып тастаңыз. Тапсырма орындалысымен біз сізге көмекке келеміз. Әрине, бұл қатерлі іс, сіз оны менсіз де түсінген боларсыз. Бәлен мың отандастарымыздың өміріне қатер төніп тұрғанда біз өзіміздің қауіпсіздігімізді ойлай аламыз ба.

Асқар. Иә, әрине, мен өзімнің қауіпсіздігімді ойлап тұрған жоқпын.


Халел тапаншаны алып қайтадан оқтап, имамға қайтарып береді. Асқар тапаншаны қолына алып, не істерін білмей, қайда қоярын білмей кідіреді.


Халел. Ал енді шейхке телефон шалып қабылдауын сұраңыз. Өте маңызды шаруа жөнінде сөз бар, ертеңге қалдыруға болмайды деңіз. Қалай да болса оңаша қабылдауын талап етіңіз. Ол сіздің сөзіңізді жерге тастамайды, міндетті түрде қабылдайды.

Асқар. (әлі де тапаншаны қайда қоярын білмей әрі-бірі аударыстырып отырып) Иә, мүмкін… мүмкін келісер…


Осы тұста есіктің қоңырауы соғады. Халел есік көзінде тұрған көмекшісіне қарайды, ол есіктегі тесік арқылы сыртқа көз тастап, сосын Халелге белгі береді. Халел аңырап тұрып қалған Асқарға қарайды.


Халел. (сыбырлап) Бүлікшілердің біреуі көрінеді. Ол кім болуы мүмкін?

Асқар. Білмеймін.

Халел. Сіз ешкімді тосып отыған жоқ па едіңіз?

Асқар. Ж-жоқ… егер әйелім мен балаларымды ертіп әкелген болмаса… бірақ оларды кім босатар дейсің.

Халел. Біз ана бөлмеге кіре тұрайық, сіз есікті ашыңыз. (келесі бөлмеге беттей бере, Асқарға қайтып келеді) Асеке, тапаншаны қалтаңызға салып қойсаңыз.

Асқар. Ә! Иә, иә! (тапаншаны қалтасына салып есікті ашады – босағада Иван тұр) Иван?! Сен не ғып жүрсің түнделетіп?

Иван. (ішке кіріп есікті жабады, еңсесі түсіңкі) Ассаламү ғалайкүм…

Асқар. Уағалайкүм ассалам. Не ғып тұрмыз? Жоғарлат. Кел, отыр мына орындыққа. (өзі басқа орындыққа отырып жігіттің бетіне үңіледі) Саған не болған? Ауырып қалғаннан саумысың? Бірдеңе болып қалды ма, Ваня?

Иван. (Асқардың ұсынған орындығына жайғасып) Иә… Асқар аға, мамам қайтыс болды…

Асқар. Қайдағы мамаң? Ә! Не дейсің?

Иван