Тәлімгерлер. Балалар үйі тәрбиеленушілерімен достық жайындағы боямасыз әңгімелер - страница 3
Бірде Нұрзатқа жаңа отбасының табылғаны жайлы білдім. Бұл жерде дәл мен үшін аса қобалжитын екі жағдай бар еді. Біріншісі, қамқоршы әрекетінің себептері маған түсініксіз. Екіншісі, арамыздағы «үшінші» адамның пайда болуы кенеттен болды, қамқоршылықты рәсімдеу де маған тым жылдам көрінді. Соңында, мен бекер уайымдаған екенмін, сол үшін өте қуаныштымын. Бұған қоса, досыммен бұрынғыдай араласып тұрамыз. Ал бізді барлық жағынан қолдайтын оның тамаша қамқоршысымен мен үнемі байланыстамын, барлық мәселені бірге талқылаймыз.
Нұрзат бұл отбасымен 2019 жылдың тамыз айынан бастап бірге тұрады. Бұл оған өз мүддесін, қалауын және мүмкіндіктерін басқа балалар мен ересектердің дәл сондай мүдде, қалау, мүмкіндіктерімен арасалмағын салыстырып үйренуге, ымыраға келуге, сондай-ақ іс-әрекеті үшін жауапты болуға көмектеседі. Қазір ол тайм-менеджментті меңгеруде.
Алғашқы кездесуде «11 жасар баламен ортақ тіл табыса аламын ба, айтар әңгімеміз де болмайды-ау» деп қорыққаным әлі есімде. Нұрзаттың ашық-жарқын араласатыны, кез келген адаммен оңай тіл табысатыны маған көп көмегін тигізді. Ол – зерек, тапқыр, табиғатынан қабілетті, көп нәрсені жылдам қағып алады. Бастысы, адамға да, жануарға да өте мейірімді, оларға бейжай қарамайды. Мысалы, бір сәби құлап қалса, көмекке дереу және бірінші болып ұмтылады. Бұл біреудің алдында өзін жақсы көрсеткісі келгендіктен емес, сол сәттегі реакциясы, шынайы болмысы – сол.
Бүгінде ол кішкентай ұлдан бойы өзіммен бірдей, дауысы да өзгерген жігітке айналды, бірақ мен үшін ол бақытты, көкірегі идеяларға толы және соны жүзеге асыруға күш-жігері жетерлік адам ретінде көргім келетін ең жылы сезімдеріме бөленген бала болып қала береді.
Нұрзатқа тек өз күші мен қабілетіне сенуді тілеймін. Өзгерістерден қорықпай, үнемі жаңа дүниені үйреніп, бойында түрлі нәрсеге жас балаша қуана алу сезімінің сақталғанын қалаймын. Барлығы міндетті түрде орындалады!
P.S.
Жобаға ене отырып, бала өміріне кемінде екі жыл араласу қажеттігін түсіндім. Және де ортақ тіл табыса алсақ, онда бұл қарым-қатынас үзілмеуі тиіс деп бірден түйдім.
2020 жылдың 25 маусымында біздің танысқанымызға екі жыл толды. Көп жылдардан соң да біз екеуіміз бұл күнді жүздесуге тағы бір сылтау ретінде асыға күтетінімізге және жыл сайынғы жаңа кездесуге ортақ естеліктеріміз бен қуанышты сәттерімізді жиып келетінімізге сенгім келеді.
Басты түйін – қорықпау керек, күмәнданбау керек: «жолды – жүрген игереді». Мәселен, «Тәлімгерлер мектебін» өтіп, психологтермен әңгімелесуден кейін, соңғы сатыда кенеттен «мендегі ресурс жеткілікті ме, мен жақсы тәлімгер бола аламын ба?» деген күмән пайда бола бастады. Алайда жоба барысында барлық мәселенің шешімі бар екенін ұқтым. Балалар үйіндегі жеткіншектердің қызығушылықтары мен қамқорлықтары дәл отбасында өсіп жатқан ұлдардікі мен қыздардікіндей. Тәлімгерлер балалардың ой-пікірі мен уайымын біреумен бөлісуге, қолдау көруге, қамқорлыққа және құптауға, өздерінің қажет және маңызды екенін сезінуге деген қажеттілігін «өтеуге» көмек жасайды. Сондықтан күмәнданатындардың барлығына алғашқы қадам жасауға кеңес берер едім, әрі қарай жол сізді өзі жетелейді.
Нұрзат
– Тәлімгерден не үйрендің?
– Несие алмау керектігін білдім. Бірде мен Александраға өскенде несиеге көлік сатып алатынымды айттым. Сонда ол маған несиенің не екенін, оның қалай жұмыс істейтінін, артық төлем жасайтының жайлы түсіндіріп берді. Ең абзалы, күте тұрып, мойныңа міндеттемелер алмай-ақ көлікке ақша жинау.