Шежірем сыр шертсе - страница 58



(Ташкент–Узбекистон. 1994 ж. 6 бөлім. 109–110 б.б.), халқымызға белгілі, атақты Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр шежіресінде о бастағы шыққан тегіміз бен ағайынды Байсары, Әлім, Шөмен тегіне қатысты айтылатын деректерді осылайша түзетіп, бір-бірімен толықтырып бердік. Ол бойынша тегіміз: Жайылханнан–Қалпақ, одан–Түмен. Түменнен–Қазақ, одан–Бекарыс. Бекарыстан–Ордаш, одан–Мөңке. Мөңкеден Сарымырза, одан–Қоғам, одан–Алшын туады да, ал одан ағайынды Алау мен Арғымақ дүниеге келеді. Алаудан барып Құдияр тентек, ал одан үш қожа–Байқожа, Сәдірқожа, Нәдірқожа тарайды. Осы Нәдірқожадан барып, жоғарыда тілге тиек етіп отырған Қайырбай-Қаракесек пен Қыдырбай-Байұлы туады. Бұл Әлиакбар Жұматайұлының шежіре-өлеңінде былай жырланады:


Алшыннан Арғымақ пен Алау туды,

Алғашы ала жібек жалау болды.

Ту ұстап, тұлпар мініп, топты бастап,

Дұшпанға туғаннан-ақ талау болды.


Алаудан туды бала–тентек Құдияр,

Жан болды жауға қарсы қайраты бар.

Баһадүр батырлығы жұрттан асқан,

Семсерді сілтегенде кесіпті нар.


Үш қожа тағы туды Құдиярдан,

Ерлікте пар келмеді бұларға жан.

Байқожа, Сәдірқожа, Нәдірқожа,

Нәдірден Қаракесек бала болған.


Баласы Қаракесек Әлім, Шөмен,

Болыпты бұлар да үшеу Байсарымен.

Бозаншы Байсарыдан жетім қалып,

Қайғырып, қаршадайынан шөккен Шөмен.


Бүкіл алшынның ұранына, бәлкім, айтулы батыр болғасын шығар, осы Арғымақтың аты алынады. Біреулер оны Алау батырдың лақап аты деседі. Бірақ бұл, біздіңше, қате пікір. Өйткені шежірелердің денінде олар екі ағайынды болып келеді. Сөйтіп Арғымақтан–Телеу, еншілесі Рамадан таратылады.

Қолымызға кейінірек тиген Рашид–Әлмахан шежіресінде Алаудан тарайтын оның еншілестері Саптан мен Қылуар жөнінде деректер беріледі. Оларда Саптаннан–Жаурыншы, Қарақатыш, одан–Мелде, одан–Елез, одан–Қарашәмен, Аққожа, Есқожа, Бұдаш тарқатылады. Осы Бұдаштан – әйгілі Жағалбайлы, Қуат, Ормантай. Жағалбайлыдан–Бөдеш, Бестерек, Болат, Қараша, Аққожа, Ормантай, Құтбанай, Тұзбет, Сирақты, Байқожа, Манатау, Біліс дүниеге келеді. Қылуардың еншілес інісінен–Керейіт, одан–Тәңірберген, одан–Байдос, Жандос. Байдостан–Жанқабыл, Жарек. Жандостан–Ыдық, Жартай тарайды. Пайымдауымызша, мұнда Кердері Құдиярдың Нәдірқожасынан емес, Байқожасынан өрбуі керек сияқты. Өйткені Нәдірқожадан біздер, Қаракесектер мен Байұлы тарамаймыз ба? Ал Сәдірқожадан–Табын, Тама тарқатылады. Өйткені ресми шежіре деректері бойынша Кердері мен соңғы екеуі Жетіруға жататындығы белгілі.

Нәдірқожаның Қыдырқожасынан (Байұлынан)–Алтын, Самса, Жанбибі (біздіңше Жамбы+би). Самсадан–Беріш, Жаппас. Жанбибіден–Сұлтансиық, Бақтысиық, Қыдырсиық. Сұлтансиықтан–Қызылқұрт, Масқар, Алаша, Байбақты. Бақтысиықтан–Есен, Темір, Шеркеш. Қыдырсиықтан–Ысық, Баршабике. Осы Баршабикеден шежіре, тарихтарда жиен деп айтылғанымен, бірақ үлкен жиында қолына жілік ұстатылып, әулеттің ұлы деп жарияланған айтулы Адай туған көрінеді. Адайдан–Құдайке, Келімберді. Құдайкеден–Тәжіке, Қосай. Тәжікеден–Қабақай, одан–Ешмұрат, Қарамырза, одан–Құлынби, Сегізбатыр. Құлынбиден–Мәмек, одан–Тәжіғали, Маханмадияр. Тәжіғалидан–Зиналабадин, Әлхан. Маханмадиярдан– Әлиасқар. Қосайдан–Теңей, Байбол (бәйбішеден), Сүйіндік, Бәли (екінші әйелінен), Айтай, Бегей (үшінші әйелінен). Келімбердіден–Ақбан (бірінші әйелінен), Қонай, Орыс (екінші әйелінен), Балықшы (үшінші әйелінен),

Жеменей, Тобыш, Мұңал (төртінші әйелінен). Жеменейден–Өрдек, Шылым, Кенже, одан–Қойдәрі. Қонайдан–Тобанияз. Мұңалдан–Әлім, Бейімбет, Шоғы, Жауыр. Тобыштан–Жалды, Ескелді, Қосқұлақ, одан–Жаналы, Төленді, Тоғызақ. Жаналыдан–Бекет.