Төңкеріс. Пиесалар - страница 41




Саудагерлер орындарынан тұрып есікке қарай беттейді.


Әкім. (қолына бір қағазды алып) Әй, біреуің мынаны әлгі Смағұловқа жеткізсін. Жаңағы менің өтінішімді де айтыңдар. Бір-екі күннен кейін мен тағы сауда орындарын тексеріп шығамын. Сосын менімен достасқысы келмегендермен оңаша сөйлесемін. Бірақ ондай ақымақ табылмайтын да шығар.


Саудагерлер шығып кетісімен әкім Жұмағалиға қарап көзін қысады.


Әкім. Бұлармен осылай сөйлеспесең болмайды. Және осы бастан олардың тиісті оындарын көрсету керек. Әйтпесе басқа мініп алады.

Жұмағали. Ол дұрыс қой. Бірақ… бірақ саудагерлердің крыша дегенін қайтеміз? Ертең солардың мықтыларының біреуі келіп біздің басымызды қатырмай ма?

Әкім. Ха! Ал менде ше? Қалай ойлайсың – менде крыша жоқ па?

Жұмағали. Білмеймін… бар шығар…

Әкім. «Бар шыға-ар!» Сырт жағымда бір мықты тұрмай мен бір ауданды басқарып нем бар дейсің? Ал және қалай деп ойлайсың? Кімнің крышасы мықты – менікі ме? Әлде жаңағы саудагерлердікі ме? Ә?


Жұмағали үндемей қалады.


Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басады) Шолпан! Тағы біреу бар ма?

Шолпанныңдауысы. Горкомстройдың бастығы қабылдауыңызды сұрап отыр.

Әкім. Ол не ғыл дейді?

Шолпанныңдауысы. Білмеймін. Жұмыс бабымен дейді.

Әкім. Жарайды, кірсін. Сосын бізге шай әкеп берсең – таңдай кепті.


Кабинетке егде тартқан адам кіреді.


Горкомстройдыңбастығы. Ассаламу ғалайкүм!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғары шық! (алдындағы орындықты нұсқайды) Отыр. Сөйле.

Г. Бастығы. Менің ісім —әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспары жөнінде. Жоспар тым үлкен.

Әкім. Жоспарды кемітпейміз. О жөнінде сөз қозғаудың да қажеті жоқ.

Г. Бастығы. Жақсы. Онда менің бір ұсынысым бар. Қаланың қақ ортасында, Әуезов көшесінде бір бес қабатты ғимарат тұр. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, сол үй қаңырап есік-терезесінен айырылып қалған. Астыңғы қабатында асханамен дүкен болған. Ол ғимарат осы күнге дейін қаланың балансында тұр. Егер сол үйді қатарға қоссақ, әлеуметтік тұрғын үй құрылысының жоспарын толық орындауға болушы еді.

Әкім. Ол үшін не қажет?

Г. Бастығы. Қаржы керек. Көп емес – он миллион теңгеге жуық. Міне – смета бар. Біздің специалисттер ол үйді зерттеп шықты. (сметаны әкімге береді)

Әкім. (сметаға көз тастап, кекете сөйлеп) Он миллион! Шынында да көп емес екен! Оны қайдан алмақпын?

Г. Бастығы. Жаңа үй салуға бөлінген қаржыдан алуға болады.

Әкім. Жоқ, болмайды. Ол заңсыз. Жаңа үй салуға бөлінген қаржы жаңа үй салуға жұмсалу керек.

Г. Бастығы. Онда қалалық бюджеттен бөліңіз. Міне, қараңызшы… (әкімге тағы бір қағаз ұсынады) Ол үй іске қосылғаннан кейін тек бірінші қабатын саудагерлерге жалға беруімен ғана жылына бюджетке он екі миллион теңге қаржы түсіп отырады. Ал қалған төрт қабаты әлеуметтік пәтерлердің жоспарын толтырады.

Әкім. (біраз ойланып отырып) Жарайды. Мына қағаздарды мен алып қалайын. Бұл мәселе жөнінде мен әкімшіліктің қызметкерлерімен ақылдасармын.


Горкомстройдың бастығы кетеді. Шолпан шай әкеліп әкім мен оның орынбасары шай ішуге кіріседі.


Шолпан. Қабылдау бөлмеде тағы екі кісі отыр.

Әкім. Ол екеуің кім?

Шолпан. Біреуі біздің молда. Ал екіншісі Васильев.

Әкім. Онысы тағы кім еді?

Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.

Әкім. Оған не керек?

Шолпан. Білмеймін. Әйтеуір сізге жұмысым бар дейді.

Әкім. Жақсы, әуелі имамға кірсін де. Бірақ бес минуттан кейін – мына шәйімізді ішіп алайық.


Шолпан кетеді.


Әкім. Молдекеңе не керек?

Жұмағали