Төңкеріс. Пиесалар - страница 43
Имам. (ауыр күрсініп) Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам – Алла оңдыртпасын. Және де со кезде мен имам емес – қатардағы мұсылман едім.
Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң «мен сол ақшадан бір тиын да алмадым» дейді.
Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?
Имам. Нақты қанша керек екенін мен білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін жабу керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін құру керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек…
Әкім. Ойбой ақсақал, «керекті» көбейтіп жібердіңіз ғой!
Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Ол комиссияға бір-екі прораб пен экономистті кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.
Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.
Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз – маған командировкаға кету керек. (әкімге қадалып бір қарап алады, әкім «түсіндім» дегендей басын изейді) Одан да бұл жұмысты манағы горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.
Әкім. Жақсы. Онда оған тапсырма бер менің атымнан. (имамға) Ал қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сіздің алдыңызға қоятын бір шартым бар.
Имам. Ол не шарт? Айтыңыз. Қолымнан келсе орындайын.
Әкім. Сол саударгерлер мен кәсіпкерледің қайсы-біреуі зекет төлеуден бас тартса, не сіз өзіңіз, не ешбір молда сол антұрғанға бармасын. Мәселен, әкесін, шешесін, немесе басқа туысын жерлеуге шақырса, әлде біреуіне ас бергісі келсе де. Тіпті өзі өліп қалса да жаназасын атқармайсыз. Келістік пе соған?
Имам. (орнынан тұра бере) Қалай мен қайтыс болған мұсылманның жаназасын атқармайын?! Ол менің бірінші міндетім ғой.
Әкім. Зекет беруден бас тартқан адам мұсылман ба? Мұсылман болмаса оған жаназа не керек? Экскаватор жалдап көр қазсын да көме салсын!
Имам сылқ етіп отыра кетеді де үндемей қалады.
Әкім. Неге ойланып қалдыңыз? Мен бір аптаның ішінде мешітке тиісті қаражат тауып беремін. Алайда сіздің қарап отырғаныңыз дұрыс болмас. Жалғыз қалталы мұсылман емес, бүкіл мұсылмандардың алдына бұл сұрақты қырымен қойу керек: (алақанын қырымен қойып әр сөйлем сайын столды соққылайды) «Мұсылман атанғың келе ме? Өзің өлсең, немесе үйіңде біреу өлсе жаназа атқарылсын дейсің бе? Қайтқан әке-шешеңнің, ағайын-туысыңның асын беруге молданы шақырасың ба? Құран бағыштатасың ба? Балаңды сүндетке отырғызасың ба? Сол балаң ер жетіп үйленсе некесін қиясың ба? Одан туған немереңе азан шақырып ат қойғың келе ме? – Келеді! – Онда зекет төле!» Міне, осылай сөйлесу керек. Ал сіз қолыңызды созып, ақырғы бейшарадай қайыр сұрап жүргеніңіз. Кім қайыршыны адам құрлы санап сөйлеседі?
Имам. Мен мұсылмандар алқасымен, және ауылдардың молдаларымен ақылдасып көрейін. Бірақ…
Әкім. (имамның сөзін бөліп жіберіп) Ақылдасыңыз, ақылдасыңыз! Егер сіздер, молдалар, бір ауыздан мені қолдасаңыздар, мен сол зекетті жинау жұмысын қолға алайын. Келісім осындай болсын.
Имам. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Иә-иә, мен ақылдасып көрейін…
Әкім. Жарайды, содан кейін тағы келерсіз. Ал біз оған дейін мешітті зерттеп смета дайындап қоямыз.
Имам. Сау болыңыздар.
Әкім. Сау болыңыз.
Имамның артынан есік жабылысымен әкім тағы да орынбасарына қарап жымияды.
Әкім. Қалай? Менің жаңағы сөзім дұрыс па?