Төңкеріс. Пиесалар - страница 42



. Әлгі бітпейтін мешіттің жыры да! Одан басқа не дейсіз.

Әкім. Ол мешітке не болып еді?

Жұмағали. Кезінде қабырғалары көтеріліп, сосын күмбезін жабуы мен ішкі жұмыстарына жиналған қаржы жетпей іске қосылмай қалған. Одан бері міне он бес жылдан да асып кетті.

Әкім. Қаржы жеткілікті жиналмай жатып құрылысты неге бастаған?

Жұмағали. Қайдан білейін… білгіштердің сөзіне қарағанда қаржы жеткілікті жиналған, бірақ көрінгеннің қалтасында кеткен. Кім білсін, қалай болғанын, біздің қазақтан не шықпайды. Тек қана содан бері сол мешіт көзге түрткі болып тұр. Қаладағы христиандардың неше түрлі шіркеулері жұмыс істеп тұрғанда мешіттің мына мүшкіл жағдайы намысқа тиіп-ақ тұр. Сіздің алдыңызда болған әкімдер «мешітті пайдалануға береміз» деп ант-су ішкенімен ештеңе тындыра алмады. Біреуі тіпті орталықтан жаңа мешіт салдыратын да болған. Ақыры өзі кетіп тынды.


Есік ашылып имам кіреді.


Имам. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи, уа баракатуһ!

Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, ақсақал. (имам отырады)

Жұмағали. Сіз не – тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?

Имам. (күрсініп алып) Әрине. Ол мәселе шешілмей маған жарық күн жоқ.

Әкім. Ақсақал, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен мен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып артып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.

Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.

Әкім. Иә, мен мұсылманмын! Әлбетте! Ал мен сияқты өздерін мұсылман санайтын қазақ аз ба? Бағана осында сөйлеген бір журналисттің дерегі дұрыс болса, осы қаланың қырық пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?

Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.

Әкім. Алпыс мыңның қырық пайызы қанша болады?

Жұмағали. М-м… (сәл ойланып) Жиырма төрт мың.

Әкім. Мінеки – қалада жиырма төрт мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?

Имам. Сол жиырма төрт мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.

Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты. Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін қояқ қой!

Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ онда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.

Әкім. Жақсы, сонымен мәселенің барлығы мешітке тіреліп тұр ғой? Солай ма?

Имам. Иә, солай.

Әкім. М-м… Өзі зекет деген болмаушы ма еді?

Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.

Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз ол жұмыспен де айналыспайсыз.

Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын? Кім мені тыңдайды?

Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.

Имам. (басын төмен түсіріп қызарып кетіп) Жақсы болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы деген қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?

Жұмағали. Ақсақал, оларды да кіналауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол ақша қайда кетті?

Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!